Жалған кәсіпорын құрған қылмыстық топтардың елімізге келтірген шығыны 7 млрд. теңге құрап отыр

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ -  Елімізде жалған кәсіпорындарды құрып, сол арқылы салық төлеуден жалтарған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың мәлімдеуінше, Маңғыстау облысында 1 млрд. 600 мың теңге салық төлеуден жалтарған қылмыстық топтың мүшелері Руслан Кориков және  Рамзан Кориковтар 7-8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және барлық мүлкін тәркілеу жазасына кесілді. Қостанай облысында «Жолаушы-2006» ЖШС басшысының ісі сотқа тапсырылды. Ол бірнеше жалған кәсіпорын құрып, 1 млрд. 986 мың теңгеге салық төлеуден жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған. Ал Павлодар облысында осы санаттағы тағы бір қылмыстық топтың белсенділері В.Симановский, А.Волков және Б.Шакимовтар 5-6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың әрекеті нәтижесінде мемлекетке және жеке азаматтарға жалпы соммасы 5 млрд. 900 мың теңге шығын келтірілді. Бүгінгі таңда топтың ұйымдастырушысы мен тағы 2 мүшесіне іздеу жарияланды. Аталған қылмыстық топтардың келтірген жалпы шығыны 7 млрд. 2 млн. 486 мың. теңгені құрады», - дейді М.Жұманбай.