136 млн теңге жымқырған: театр директоры күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті «Шымкент жастар театры» ШЖҚ КМК директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты 136 млн теңгеден астам көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Фото: ҚМА

Мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды (соның ішінде колонкалар, сабвуферлер, сахналық ферма, күшейткіштер, микрофондар және т. б.) сатып алуға 320 млн теңге бөлінген.

— Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген.

Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңге болатын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген, — делінген ҚМА хабарламасында.

Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Күдіктілер қамауға алынды. 

Айта кетелік Астанада жалған қаржылық құжат жасаған он адамға үкім шыққан еді