ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қалалық сотының үкімімен терроризм актісі туралы жалған қоңырау шалып, жұртты дүрліктірген В.Володин ҚР ҚК 242-бабы бойынша айыпты деп танылып, үш жылға бостандығы шектелді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш тұрғын биылғы 26 маусым күні 17 сағат 58 минутта мас күйінде үй телефонынан БҚО төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісіне қоңырау соғып, бейтаныс үш ер адамның электр есептегіш құралын шешіп алып, оның үйіне жарылғыш зат қойып жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына келіп жеткен тиісті қызметтер сол аумақты қоршауға алып, қосымша күштер қойған.
В.Володиннің қылмыстық іс-әрекетінің салдарынан 17 мыңнан астам теңге шығын келтірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).