Жалған куәлік беру күдігіне іліккен Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті ақталды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бұрынғы премьер-министрдің соты кезінде жалған куәлік беру ісі бойынша бұрынғы президент Юн Сок Ёльді ақтау үкімін растады. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Фото: Yonhap

Юн Сок Ёльге 2025 жылдың қарашасында бұрынғы премьер-министрдің соты кезінде жалған куәлік бергені үшін айып тағылған болатын. Нақтырақ айтқанда, ол бұрынғы премьер-министрдің ұсынысына дейін де, 2024 жылдың 3 желтоқсанында әскери жағдай жариялау үшін Министрлер кабинетінің отырысын өткізуді жоспарлағанын мәлімдеген.

Арнайы тергеу тобы бұл мәлімдемені жалған куәлік болуы мүмкін деп санады.

Тергеушілердің айтуынша, Юн Сок Ёль бастапқыда толық құрамда Министрлер кабинетінің отырысын өткізуді жоспарламай, Кабинеттің тек алты мүшесін шақырған. Артынша, бұрынғы премьер-министрдің ұсынысы бойынша, ол қажетті қатысушылар санын жинау және әскери жағдайды енгізу туралы шешімді ресми түрде бекітуді қамтамасыз ету мақсатында қалған министрлерді де шақырған.

Қыркүйек айында апелляциялық сот Министрлер кабинеті отырысының ерекше жағдайларда өтуі бұрынғы президентті айыптыға шығару үшін жеткілікті негіз емес деп шешіп, бірінші сатыдағы соттың ақтау үкімін қолдады.

Жоғарғы сот кінәлі деп тану туралы үкім тек сенімді дәлелдер болған жағдайда ғана шығарылады деп мәлімдеп, бұл шешімді түпкілікті қолдады.

Бұл Жоғарғы соттың бұрынғы президентке қатысты шығарған екінші шешімі болды. 2026 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот Юн Сок Ёльдің әскери жағдай енгізілгеннен кейін тұтқындауға кедергі келтіргені үшін жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырған еді.

Бұрынғы президентке 2024 жылдың желтоқсанында билікті теріс пайдаланып, қысқа мерзімге әскери жағдай енгізу арқылы бүлік ұйымдастырды деген айып тағылды. Елде әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты оған қарсы жалпы сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Еске сала кетейік, Сеулдің орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді 2024 жылдың желтоқсанындағы бүлік туралы іс бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Артынша ол өзіне шығарылған өмір бойына бас бостандығынан айыру үкіміне апелляциялық шағым түсірді.