Жалған құжаттарды саудалаған Қырғызстан азаматы ұсталды

None
ҚАРАҒАНДЫ. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының және ҚР ҰҚК шекара қызметінің өкілдері бірлесіп, Қырғыз Республикасының 24 жастағы азаматын қолға түсірді.

Пысықай миграциялық құжаттың шекаралық мерзім таңбасы басылған таза бланкілерін саудалаған. Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.

21 сәуір күні Тәжікстан Республикасының 23 жастағы азаматына «Қордай» өткізу бекетінің шекаралық мерзім таңбасы қойылған миграциялық құжаттың таза бланкісін сату кезінде қырғызстандық «саудагер» тұтқындалды. 24 жастағы жігіт Қарағанды қаласы аумағындағы келімсектерге шекаралық өткізу бекеттерінің мерзім штамптарының жалған таңбасы қойылған таза миграциялық құжаттарды сатумен айналысқан.

Күдіктінің үстінен ҚР ҚК 325 бабы «Жалған құжаттарды, штамптарды, мөрлерді, бланктерді, мемлекеттік марапаттарды жасау және өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде тергеу жұмыстары жүргізілуде.