Жалған медициналық препараттар мен техникалардың өндірілуі мен таралуына қарсы іс-шараларды халықаралық деңгейде әзірлеу қажет - Арнұр Нұртаев
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Фармалогиялық бақылау және жалған дәрі-дәрмек құралдары» атты ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «Дәрі-дәрмек құралдары мен медицинада тағайындалған бұйымдар мен техникаларды сараптаудың ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев айтты.
Оның айтуынша, бұл мәселенің ауқымын толыққанды бағалау өте қиын. «Контрафактілік медициналық өнім терапевтік әсерінің болмауына немесе уыттылығына байланысты емдеудің медициналық әдістері мен жалпы денсаулық сақтау жүйесіне деген қоғамның сеніміне нұқсан келтіріп, мұндай дәрілік заттарды пайдаланатын емделушілердің денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді. Бұл конференцияда фармакологиялық бақылау мен бұрмаланған медициналық өнім айналысы мәселелерін талқылай келе, біз аймақтық, мемлекеттік деңгеймен қатар, халықаралық деңгейдегі жалған дәрілік заттар мен медицина техникасының өндірісі мен таралуына қарсы әрекеттер тетігін жасауымыз қажет», -деді ол.
"Фармакологиялық бақылау - бұл мемлекеттік жүйе, оның жүзеге асырылуы дәрілік заттар айналымы саласындағы саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл саясатты жүзеге асыру үшін еліміз тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз етілген",-деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің бас сарапшысы Ботагөз Смағұлова.
Оның айтуынша, дәрілік заттарға қадағалау тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. "Бізге дәрілердің жанама әсерлері туралы ақпараттар медициналық, фармацевтикалық қызметкерлер тарапынан келіп тұрады. Ол бізге пайдаланумен байланысты қауіптерді уақтылы анықтауға және тиісті реттеу шараларын қолдануға мүмкіндік береді. Өткен 2011 жылы бақылау комитетінде үш жағдай тіркелді",-деді Б. Смағұлова.