Жалған мемлекеттік нөмірді қолданған көкшетаулықтың басы бәлеге қалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жалған мемлекеттік нөмірді қолданған көкшетаулық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 2018 жылдың 4 қаңтарында облыс орталығындағы көшелердің бірінің қыйлысында орнатылған бейнекамераға өзге көліктің мемлекеттік нөмірі салынған «Toyota» автокөлігі түсіп қалған.  Кейін тексеріс барысында анықталғандай аталған нөмір белгісі өзге «ГАЗ 310290» автокөлігіне тиесілі болып шықты.

Қаңтардың 8-і күні Көкшетау қалалық ІІБ Жедел басқару орталығының инспекторлары жол қозғалысын бақылау кезінде Горький көшесінің бойында жоғарыда айтылған мемлекеттік нөмірді таққан «Porsche Cayenne» көлігін байқап қалған. Осыған орай, жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аталған көлікті Әуезов және Калинин көшелерінің қыйлысында тоқтатып тексереді. Осы кезде, көлікті тізгіндеген Көшетау қаласының 28 жастағы тұрғынының қолында көлік жүргізуші куәлігімен бірге өзге де тиісті құжаттардың болмағаны анықталады.

Қазіргі кезде, көлік айып алаңына қойылып, жүргізушінің үстінен ҚР ӘҚбК 590-бабының 3-бөлігі, 590-бабының 4-бөлігі, 612-бабының 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Іс материалдары Көкшетау қалалық сотқа жолданды.

Жалпы, Көкшетау қаласында орнатылған интеллектуалды бейнекамералар арқылы өткен жылдың қорытындысы бойынша 3183 жол жүру ережесі бұзылғаны анықталды.

Оның ішінде 1555 рет қызыл сызықтан,  793 бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кету, 835 рет жылдамдықты шамадан асыру оқиғасы тіркелді. Көлік жүргізушілеріне 45 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.