Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
24 жастағы елордалық жігіт алаяқтық әрекеттерге барды деген күдікпен қамауға алынды. Ол OLX сайтында жалға пәтер беретінін айтып, хабарландыру орнатқан. Хабарландырудың жалған екенін білдірмеу үшін өзге хабарландырулардан сурет көшіріп салып отырған.
«24 тамыз күні сағат 15.00 шамасында 2 бөлмелі пәтерді 7 мың теңгеге тәулік бойы жалға беретіні туралы хабарландыру орналастырған. Хабарласқан клиенттердің бірімен жүзбе-жүз кесдесіп, ақшасы мен жеке куәлігін кепілге алады. Бірақ клиент ақшаны «елес пәтер» үшін төлегенін кейін білген», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті бұл әдісті бірнеше рет адам алдау үшін пайдаланғанын мойындады. Оның бұл әрекетінен зардап шеккен өзге де адамдар анықталып жатыр.