Жалған психологтер көбейіп кетті: Қалай ажыратамыз

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары жалған психологтер мен коучтар қоғамның қызу талқысына түсті. Сапасыз қызмет көрсететін мамандардың мәселесі Президенттің де құлағына жеткен еді.

Мемлекет басшысы биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда өзіне жалған психологтер мен коучтардың үстінен жиі шағым түсіп жатқанын айтты. Сол себепті құқық қорғау органдарына жағдайды жіті бақылауда ұстауын тапсырды.

— Қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтер мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал мамандар кәсіби психологтерді ажыратудың жолы оңай дейді. Ол үшін өзіңіз қабылдауына жазылған психологтің дипломын сұрауыңыз керек. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Гүлзат Асанова айтып берді.

Фото: Видеодан скрин

— Психологтің қабылдауына барған кезде ең бірінші маманнан дипломының бар-жоғын сұрау керек. Және ол маман жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қандай бағытта өзін дамытып жүр — соны сұрау керек. Содан кейін қандай одақта немесе ассоциацияда тіркелгені жайлы біліп алыңыз. Себебі мұндай арнайы ұйымдастырылған қоғамдарға кәсіби деңгейі жоғары мамандар мүшелік етеді. Онда психологтердің тәжірибесі мен этикасы да қадағаланады, — дейді Психологтер одағының төрағасы.

Бағдарлама жүргізушісі студия қонағынан қазір неге психологтер көбейіп кеткенін сұрады. «Кәсіби қазақстандық гештальт» қауымдастығының президенті бұл жағдайды сұраныс пен қысқа мерзімді курстардың көптігімен байланыстырды.

— Өздеріңіз көріп отырғандай, әлеуметтік желіде көптеген психолог өздерін жарнамалап жүр. Бұл мәселені мен өзім зерттедім. Қазіргі заманда SMM мамандығы дамып бара жатыр. Олар әлеуметтік медиа маркетинг саласын оқып алып, өздері ақша табу үшін өзге саланың мамандарын дамытып, жарнамалайды. Ал ол маманның білімі бар ма, жоқ па — оған қарамайды. Екінші — әрине, сұраныстың көп болуы. Үшіншіден, қазіргі психологтер қысқа мерзімді курстарды оқып алады. 1,5 жылдың ішінде психолог болып шығасың дейтін курстар қазір өте көп. Негізі 2-3 жылдың ішінде психологияға қатысты теориялық материалдар мен кітаптарды оқып алуға болады. Бірақ нағыз маман 1,5 жылдың ішінде дағдыны қалыптастыра алмайды. Оған кемінде 3-4 жыл керек, — дейді Гүлзат Асанова.

Психолог жас мамандарды қатаң сынға алды.

— Қазіргі көптеген жас психологтің базалық дағдылары өте төмен. Оның бәріне қазір көптеген қысқа курстың көбейіп кетуі себеп. Неге психологтер ондай курстарды өтеді? Өйткені ондай психологтердің психология саласында жұмыс істейтін дағдылары жоқ. Сол себептен олар курс үйретумен айналысады, — дейді ол.

Психологтер одағының төрағасы бұл мәселенің шешу жолына да тоқталды.

— Біз осы наурыз айында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне кәсіби стандарттардың жоқтығы туралы хат жолдаған едік. Өйткені қазіргі болып жатқан мәселелердің себебі де осы. Бізде салалық-квалификациялық құрылым жоқ. Белгілі бір маманды психолог деп атау үшін стандартты құрылым болуы керек. Қазір осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылды. Олар осы құрылымды дайындауды бастады. Онда психологтің бойында қандай дағды болу керектігі толық белгіленеді. Осы құрылым дайын болған соң біз кәсіби стандарттарды жасап шығарамыз. Және соған сай сертификациялық орталықтар ашу керек. Ал орталықтар тәуелсіз болу қажет, — дейді маман.

Гүлзат Асанова ел арасындағы психологтер туралы стереотиптердің жалған екенін айтады. Ол психологтер мен психиатрларды шатастырып алмау керегін ескертті.

— Адамдар психологтің көмегіне ішкі дүниені немесе екі адамның ортасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін де жүгіне алады. Олар психологиясы сау азаматтар болуы да мүмкін. Адамдар психологқа тек қиын жағдайда келеді деп ойлайды. Сол үшін психология мен психиатрияны шатастырып алмауымыз керек, — дейді «Кәсіби қазақстандық гештальт» қауымдастығының президенті.

Ал психолог Ержан Мырзабаев «психолог» сөзін қазақшалап, «жантанушы» деп атау керегін айтты.

Фото: Видеодан скрин

— Адамдар психологқа барудан қорқып, қысылмау керек. Психологтарға «психтарды» емдейтін емес, адамдарға психологиялық тұрғыда көмектесетін маман ретінде қарау керек. Менің ойымша, көп адамның психологтерге қатысты стереотиптері тілдік ерекшеліктерге байланысты туындап жатыр. Мысалы, психология деген кезде ең бірінші «псих» деген сөз естіледі де, адамдарда бірден негатив туындайды. Негізі психологияның қазақша аудармасы — жан тану. Меніңше, қазақи менталитетке негіздеп осы сөзді қолданысқа енгізуіміз керек. Қайда бардың дегенде «жантанушыма барып келдім» деп айтса жақсы ғой. Мұндай жағдайда жантанушыға жындылар барады деген ұғым ойға келмейді, — дейді ол.

«Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып, пікір білдірген маман өзінің АҚШ-та жинаған тәжірибесімен бөлісті.

— Мен биыл АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен Халықаралық психологтер конференциясына қатыстым. Ол жердегі критерийлерге сәйкес олар психологтерді лицензиялауды міндеттеген. АҚШ-та тек диплом болуы жеткіліксіз. Онда әрбір штаттың арнайы мекемелері кәсіби психологтерге лицензия береді. Және сол лицензияны ұстап тұру үшін де жыл сайын 60-72-100-240 сағаттық біліктілікті арттыру курстарынан өтуі талап етіледі. Мысалы, психологтерге белгілі бір форумға қатыссаңыз, сізге 8 біліктілікті арттыру сағатын қосып береміз дейді. Олар түрлі форумдарға қатысып, біліктілікті арттыру сағатын 72-ге толықтырады. Соған сәйкес олардың лицензиялары да ұзартылып отырады. Нәтижесінде мамандар 20 жыл бұрын алған дипломымен қалып қоймай, жүйелі түрде өзін дамытып, жетілдіріп отырады, — дейді психолог.

Бұған дейін психолог лудоманның жақындары тарапынан жіберілетін ең үлкен қателік туралы айтқанын жаздық.