— Шын мәнінде сіз айтып отырған қосып жазулар жылдар бойы қордаланған. Бұл жерде жалғыз айыпты жоқ. Мәселе проблеманы қалай шешуге тіреліп тұр. Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалған статистиканы жою жұмыстарын қолға алды. Ұлттық статистика бюросымен және әкімдіктермен бірге елдегі жағдайды шындықпен сәйкестендіре алдық. Шынайы статистиканың арқасында жағдайды шынайы бағамдап, дұрыс шешім қабылдауға болады, — дейді министр.
Айдарбек Сапаров қосып жазу болмау үшін үздіксіз қадағалау жүйесі іске қосылғанын айтады.
— Мұндай тәсілдерді біртіндеп, сала өкілдері бейімделе алатындай қарқынмен енгізу керек. Сонда оларда ашық жұмыс істеуге бой үйрете алады. Жүйені толық енгізген кезде қосып жазу мәселесі келмеске кетеді деп ойлаймын, — дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Бұған дейін Қазақстан статистикамен жұмыс істеуге арналған AI-көмекшіні іске қосқанын жазған едік.