Жалған вакцина паспортын жасағандарды полицияға өзіміз тапсырдық – Нариман Табынбаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпара - Алматы қалалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ПТР анықтамасы мен вакцина паспортын қолдан жасап сатқандарға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы медициналық мекемелерінде вакцина құжаттарын қолдан жасаудың екі жағдайы анықталып, дәлелденген.

Оның біріншісі осыдан 2,5 ай бұрын №21 емханада анықталса, екіншісі №4 қалалық емханада белгілі болды.

«Бұл жағдайларды қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өзі анықтады. Сонымен қатар, осыған қатысты жағдайды Полиция департаментіне өзіміз жолдадық. Қазір тағы бір емдеу орнынын анықтау бойынша полицияға жүгіндік. Сондай-ақ мұндай жағдай қайталанбас үшін құқық қорғау органдарымен бірге вакцина салынатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді ол.

Сонымен қатар, ол жалған вакцина паспортын жасаған медицина қызметкерлеріне қандай жаза қолданылатынын айтты.

«Бұл адамдар жалған құжат жасап, вакцинаны жойған. Қазір олармен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Ал, мекеме басшылары жұмыстарын жалғастыруда. Тергеу жұмыстары аяқталған соң бәрі белгілі болады»,-деді басқарма басшысы.

Бұған дейін, қаладағы «Достар Мед» және «Сұңқар» қызметкерлері жалған құжаттар жасағаны үшін ұсталғаны, сондай-ақ №4 емханада медициналық қызметкерлердің вакцинация паспорттарын сатқаны және вакциналарды заңсыз жойғаны туралы хабарлаған болатынбыз.