Жалған жұмыс орнына төленген қаржы мемлекетке қайтарылды - БҚО

None
ОРАЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат - Теректі ауданының прокуратурасы «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты жұмсау тиімділігін тексеру қорытындыларына сәйкес жеке кәсіпкердің жұмыс орындарын жалған құру фактісі бойынша ҚР ҚК 177-бабы 2-бөлімі «б» тармағымен қылмыстық іс қозғады.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2013 жылдың 1 ақпанында жұмыспен қамту орталығы мен жеке кәсіпкер арасында 840 мың теңгеге тұрғындардың мақсатты топтарының ішінен азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру туралы келісім-шарт жасалған, соған сәйкес жеке кәсіпкер әрбіреуіне 40 мың теңге мөлшеріндегі жалақымен 5 азаматқа жұмыс ұсынуға міндеттенеді, оның 50 пайызы аталмыш орталықпен субсидияланады.

Жеке кәсіпкермен 2013 жылдың ақпан және наурыз айларына жасалған жұмыс уақытын есепке алу табельдері мен орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес 5 жұмысшы дүкен аумағын тазалауға қатыстырылып, сатушылар ретінде жұмыс жасаған.

Мемлекеттік мекеменің көрсетілген жұмыс кезеңіне ұсынған құжаттарының негізінде жеке кәсіпкердің банктік шотына 200 мың теңге аударылған. Алайда қарсы тексеріс нәтижесі көрсеткендей, жеке кәсіпкерде «жұмыс жасап жатқан» Абай ауылы 5 тұрғынының іс жүзінде еш жерде жұмыс жасамайтындықтары анықталды, олар жеке кәсіпкердің қарамағында дүкен сатушылары ретінде жұмысқа орналасқандығы туралы білмеген.

Осылайша алдау арқылы бөтен мүлікті ұрлауда көрініс тапқан жеке кәсіпкердің заңсыз әрекеттерімен мемлекетке 200 мың теңге көлемінде залал келтірілді.

Аудандық соттың қаулысымен жеке кәсіпкерге қатысты қозғалған қылмыстық іс тараптардың мәмілеге келуіне байланысты ҚР ҚК 67-бабы 1-бөліміне сәйкес тоқтатылды, прокурордың талап арызы бойынша жеке кәсіпкерден мемлекет пайдасына 200 мың теңге мөлшерінде келтірілген залал толықтай өндіріліп алынды.