Жалған жүргізуші куәлігін жасаған жол полициясы қызметкеріне қатысты айыптау үкімі шығарылды

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астана қаласы Алматы аудандық № 2 соты Астана қаласы ІІД Жол полициясы басқармасының Тіркеу-емтихан жұмыстары тобының іздестіру жөніндегі маман-инспекторы Н.Махановқа қатысты үкім шығарды.

Айыпты жалған құжаттар негізінде көлік құралдарын жүргізу құқығына арналған екі жүргізуші куәлігін заңсыз берген. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

«Н.Маханов ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Оған ҚР ҚК 63-бабы қолданыла отырып, 2 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде сотталды», - делінген баспасөз айғағында.

Естеріңізге сала кетейік, баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 25 мамырында сот Астана қаласы ІІД Жол полициясы басқармасының бұрынғы қызметкерлері жол полициясы жеке батальоны іздестіру қызметінің инспекторы Е.Инсебаевқа және жеке батальон 1-ші взводының жедел уәкілетті қызметкері А.Исмурзинге қатысты да осыған ұқсас үкім шығарған болатын. Олар жалған анықтама негізінде жүргізуші куәлігін заңсыз бергені үшін пара беруге арандатқаны және қызметтік жалғандық жасауға жәрдемдескені үшін айыпталды. Е.Инсебаев пен А. Исмурзин ҚР ҚК 28-бабының 4-бөлігі, 312-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылғы шартты түрде қылмыстық жазалауға сотталды.