Жалғас Жұмағұлов 37 жасында жаңа чемпиондық атаққа ұмтылмақ
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері адамның жасы жаңа жетістікке жетуге кедергі келтірмейтінін тағы да дәлелдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Өткен демалыс күндері Жұмағұлов Чехияның Oktagon чемпиондық атағын сәтті қорғады. Оның қарсыласы өзі сияқты бұрын UFC-де бақ сынаған Давид Дворак болды.
Давидті нокаутқа түсіргеннен кейін Жалғас 37 жасында мансабын аяқтау ниеті жоқ екенін және жаңа жеңістерге жетіп, рекорд орнатқысы келетінін мәлімдеді.
Жұмағұлов салмақ дәрежесін көтеру арқылы екінші рет Oktagon чемпионы болуды көздейтінін айтты.
- Мен әрқашан елім үшін күресемін. Бәріне қазақтың кім екенін танытқым келеді. Мен 37 жаста болсам да, біз, қазақтар, 35 жастан кейін ашылатынымызды бірнеше рет айттым. Және бүгін мен соны дәлелдедім, мен енді ғана бастадым. Мен салмақ дәрежесін көтеріп, тағы да Oktagon чемпионы болғым келеді, - деді Жұмағұлов.
Дворакпен жекпе-жек тактикасы туралы айта отырып, Жұмағұлов бапкері Артем Левиннің жұмысын жоғары бағалады.
- Біз алдымен қарсылас шаршасын, деп жоспарладық, мен аздап серпін алып содан кейін бірінші раундтың екінші минутынан бастап өзімді қолға алдым, - деді Жалғас Жұмағұлов.
Біз бұған дейін Жалғас Жұмағұлов Чехияда чемпиондық атаққа таласатынын хабарлағанбыз.