Жас ұлғайған сайын күнделікті үйреншікті тірліктің өзі қиындай түседі. Қарт адамдардың тамақ әзірлеуге, дүкенге баруға, үй жинауға, тіпті кейде төсектен өздігінен тұруға да шамасы келмеуі мүмкін. Мұндайда біреулерге балалары мен немерелері көмектессе, енді біреулердің сүйенер жақыны болмайды. Осындай кезде әлеуметтік қызметкерлер, күтушілер мен пансионат мамандары көмекке келеді.
Оларға кім көмектеседі?
Қазақстанның басқа өңірлеріндегідей, Ақмола облысында да жасы, денсаулығы немесе мүмкіндігі шектеулі болуына байланысты өзгенің көмегіне мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жұмыс істейді.
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда өңірде мүгедектігі бар 30 415 адам тіркелген. Оның 3 522-сі бірінші, 10 729-ы екінші, 12 160-ы үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Ал мүгедектігі бар балалар саны – 4 004.
Өңірде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 10 орталық бар. Оның бесеуі қарттар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Төрт мекеме психоневрологиялық аурулары бар кәмелетке толған азаматтарға, тағы біреуі осындай дертке шалдыққан балаларға қызмет көрсетеді. Қазір бұл мекемелерде барлығы 1 461 адам көмек алып жатыр.
Бұдан бөлек 3 130 жалғыз қалған қарт пен мүгедектігі бар адамға үйінде әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл жұмысқа өңірдегі 18 арнаулы бөлімше тартылған.
Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Мақсат Темірболатовтың айтуынша, көмек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес беріледі және азаматтар үшін тегін. Алайда зейнет жасына жеткен әр адамға әлеуметтік қолдау автоматты түрде беріле қоймайды.
Алдымен адамның өзгенің көмегіне қаншалықты мұқтаж екені анықталады. Ол үшін жеке қажеттіліктері бағаланып, содан кейін қызмет көрсетудің тиісті түрі белгіленеді.
Әлеуметтік қызметтің төрт түрі бар: стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету және уақытша болу. Соның ішінде үйде көрсетілетін көмектің маңызы зор. Өйткені адам үйреншікті ортасынан ажырамай, өз үйінде тұра береді әрі қажетті көмекті ала алады.
Мақсат Темірболатовтың айтуынша, әлеуметтік-тұрмыстық көмекке тамақ әзірлеу, азық-түлік пен күнделікті қажетті заттарды сатып алып, үйіне жеткізу, баспанасын жинау, киімін жуу және үтіктеу кіреді. Сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтауға, киінуге, тамақтануға және жүріп-тұруға жәрдемдеседі. Қажет болған жағдайда отын мен су жеткізуге, коммуналдық төлемдерді төлеуге және өзге де тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі.
Сонымен қатаи жалғыздық пен қоғамнан оқшауланудың алдын алуға бағытталған психологиялық қолдау да қарастырылған. Қарттардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін мәдени іс-шаралар мен түрлі сабақтар ұйымдастырылады.
Арнаулы әлеуметтік қызмет тек тұрмыстық көмекпен шектелмейді. Оның құрамына сегіз бағыт кіреді: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, құқықтық және экономикалық қызметтер.
Мұндай көмекке жүгіну үшін қарт адамның өзі немесе туыстары тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш беруі керек. Мамандар қажеттіліктерін бағалаған соң, көрсетілетін көмектің көлемі мен түрін анықтайды.
Мақсат Темірболатовтың сөзінше, кейде үйінде жалғыз тұратын зейнеткер туралы көршілері хабар береді. Дегенмен көп жағдайда қарт адамдардың өздері қоңырау шалып, көмек сұрайтындар да аз емес.
Мемлекеттік көмек жеткіліксіз болғанда
Алайда үйде көрсетілетін әлеуметтік қызмет кез келген адамның қажеттілігін өтей алмайды. Біреулерге әлеуметтік қызметкердің аптасына бірнеше рет келуі жеткілікті болса, енді біреулерге күн сайын бақылау, медициналық күтім және күнделікті тірліктің бәрінде дерлік көмек қажет. Әсіресе өздігінен жүріп-тұра алмайтын, ауыр дертке шалдыққан немесе тәулік бойы күтімді қажет ететін адамдардың жағдайы күрделі.
Мұндай жағдайда стационарлық мекемелер мен жекеменшік пансионаттар көмекке келеді.
Көкшетаудағы «Доброе сердце» пансионаты 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір оның екі бөлімшесінде 120 адам тұрады. Олардың арасында қарттар, мүгедектігі бар азаматтар, төсек тартып жатқан науқастар және өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдар бар.
Алғашында бір ғана бөлімшесі болған пансионат кейін үш филиалға дейін кеңейген. Бірақ қазір екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Пансионат жетекшісі Ирина Катухованың айтуынша, бұған тұрғындарға сапалы күтім көрсету және қызметкерлер құрамын толық жасақтау қажеттігі себеп болған.
– Меніңше, қызметкері толық әрі тұрақты жұмыс істейтін екі пансионаттың болғаны, маман жетіспеушілігі үнемі сезілетін үш мекемеден әлдеқайда жақсы. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау жай ғана жұмыс емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, физикалық күш пен эмоциялық төзімділікті қажет ететін іс. Қызметкер жетіспесе, оның зардабын бәрі тартады. Ең бастысы, пансионат тұрғындары зардап шегеді, – дейді Ирина Катухова.
Оның айтуынша, қазір екі бөлімшенің де қызметкерлер құрамы толық. Тұрғындарға тәулік бойы медицина мамандары мен санитарлар күтім жасайды. Сонымен қатар аспаздар мен асхана қызметкерлері жұмыс істейді. Аптасына бір рет дәрігер келіп, тұрғындарды тексеріп, қажетті кеңесін береді.
Төсек тартып жатқан науқастарға күтім жасау үшін оларды тамақтандыру, тазалығын сақтау, жөргегін ауыстыру, қозғалуына көмектесу және денсаулық жағдайын үнемі бақылау қажет.
Саябақ көшесіндегі бөлімшеде күндіз екі медицина қызметкері мен үш санитар жұмыс істейді. Түнгі ауысымда бір медицина қызметкері мен үш санитар кезекшілік етеді. Ал Шоқай көшесіндегі бөлімшеде күндіз бір медицина қызметкері мен үш санитар, түнде бір медицина қызметкері мен екі санитар қызмет көрсетеді.
– Қызметкерлер кімдерге күтім жасайтынын жақсы түсінгенін қалаймын. Біздің тұрғындарға ықылас, шыдамдылық, құрмет пен адам жылуы қажет. Қарттарға дөрекі сөйлейтін, оларға ашуланып қарайтын немесе міндетіне жауапсыз қарайтын адамды ұжымда ұстай алмаймын, – дейді пансионат басшысы.
Ирина Катухованың айтуынша, мұндай жұмысқа лайықты маман табу оңай емес. Өйткені бұл қызмет тек ауысымға келіп, белгіленген уақытты өткізумен шектелмейді. Өзгенің көмегіне толықтай тәуелді адамдармен жұмыс істеу үшін сабыр, жауапкершілік және адамға деген құрмет керек.
Қаржы жетпегенде не болады?
Тұрақты күтімді қажет ететін адамдардың тағы бір мәселесі – материалдық жағдайы. Жекеменшік пансионатта тұру ақылы. Төлем ғимаратты күтіп ұстауға, тамаққа, коммуналдық қызметтерге, қызметкерлердің жалақысы мен дәрі-дәрмекке жұмсалады. Алайда тұрғындардың арасында ең төменгі шығынды да өтеуге шамасы келмейтіндер бар.
– Біздің пансионатта мүлде зейнетақы алмайтын адамдар да бар. Кейбірінің алатыны небәрі 50-60 мың теңге. Мысалы бір адамға жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мүгедектік тобы белгіленгенімен, денсаулығына байланысты іс жүзінде еңбек ете алмайды. Осындай қаржымен ол қалай күн көреді? – дейді Ирина Катухова.
Оның сөзінше, кейбір тұрғындар пансионатта тегін немесе жеңілдікпен тұрады. Оларды күтіп-ұстауға кететін шығынды мекеме өз мүмкіндігіне қарай өзі өтейді.
– Ақшасы жоқ екен деп адамды есіктен шығарып жібере алмаймыз. Біз үшін пансионат кәсіптен бұрын, ең алдымен әлеуметтік жауапкершілік. Көмектесуге мүмкіндігіміз болса, соған ең болмаса бір рет талпынып көруіміз керек, – дейді ол.
Инсульттен кейін такси жүргізушісі болған
Пансионат қызметкерлері жұмыс барысында талай тағдырға куә болған. Соның ішінде бір оқиға ерекше. Бірде мекемеге ауыр инсульт алған ер адамды әкелген. Ол айналасында не болып жатқанын толық түсінбейтін, өздігінен қозғала алмайтын жағдайда болған.
Алайда әпкесі бауырын қараусыз қалдырмай, үнемі келіп тұрған. Онымен бірге жаттығып, есте сақтау қабілеті мен сөйлеуін қалпына келтіруге арналған карточкалар мен түрлі материалдар әкелген. Пансионат қызметкерлері де күн сайын оған көмектескен.
Уақыт өте келе ер адам айналасындағыларды жақсырақ түсініп, қозғала бастаған. Кейін аяғына тұрып, өздігінен жүре алған. Біраз уақыттан соң әпкесі оған көлік сатып алып беріп, қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасаған.
– Бір кездері бізге ауыр халде жеткізілген адамның кейін осы пансионатқа жүргізуші болып жұмысқа орналасқанын елестетіп көріңізші! Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды. Қазір ол бізде жұмыс істемейді, бірақ қалыпты өмірін сүріп жатыр. Такси жүргізіп, өз еңбегімен ақша табады. Осы оқиғаны еске алған сайын, біздің жұмысымыздың мәні неде екенін түсінемін. Әрине, оның сауығып кетуіне көптеген жағдай әсер етті. Ағзасының мүмкіндігі, медициналық көмек, әпкесінің орасан еңбегі, өзінің талпынысы және біздің қызметкерлердің күнделікті қолдауы. Біз де осы тағдырдың бір бөлігі болғанымызға қуанамыз, – деп еске алады Ирина Катухова.
Пансионатта бұдан басқа да жақсы нәтижеге жеткен жандар бар. Бірде мекемеге әбден әлсіреген, дұрыс жүріп-тұра алмайтын қарт әйелді әкелген. Қызметкерлер күн сайын оған күтім жасап, қолдау көрсетіп, күнделікті тіршілігіне біртіндеп оралуына көмектескен. Уақыт өте келе әжейдің жағдайы жақсарып, өз аяғымен үйіне қайтқан.
– Мұндай оқиғалар бізде аз емес. Бірақ пансионатқа келген әр адам міндетті түрде сауығып кетеді деген ой қалыптастырғым келмейді. Өкінішке қарай, олай емес. Бізге ауыр дертке шалдыққан, инсульт алған, денсаулығында елеулі шектеулері бар адамдар келеді. Бірінің жағдайы жақсарады, енді бірінің ахуалы тұрақты сақталады, ал кейбірінің дерті асқына түседі, – дейді ол.
Мұндай жағдайда ең бастысы – адамды назардан тыс қалдырмау. Ал ауруды емдеу мүмкін болмаған кезде медицина мамандарымен бірлесіп, науқасқа лайықты күтім көрсетіп, дертін жеңілдету маңызды. Өйткені адам қадірі өмірінің қай кезеңінде де сақталуы керек.
Күтім ғана емес, адамға деген құрмет те маңызды
Мемлекеттік статистикадағы көрсеткіштер мен пансионаттардағы орын санының артында өзгенің көмегіне зәру адамдардың тағдыры тұр. Мұнда мәселе әлеуметтік қызметкерлердің, медицина мамандарының немесе мекемелердегі орындардың жеткілікті болуымен ғана шектелмейді. Көрсетілетін көмектің сапасы да аса маңызды.
Ирина Катухова пансионатта жұмыс істеген жылдары талай жағдайды көргенін айтады. Біреулердің үйіне оралғанына куә болса, енді біреулердің ауыр науқастанып, өмірден өткенін көрген. Оның сөзінше, тұрғындарға деген шынайы қарым-қатынас күнделікті ұсақ-түйек әрекеттерден байқалады.
– Бәрі маңызды. Санитардың әжеймен қалай сөйлесетіні, медбикенің тұрғынның өтінішіне қалай жауап беретіні, өздігінен тұра алмайтын, тамақ іше алмайтын немесе көмек сұрай алмайтын адамға қаншалықты мұқият қарайтыны – осының бәрі маңызды, – дейді ол.
Қартайған шақта адамға күнделікті тірліктің әр қадамында көмек қажет болуы мүмкін. Бірақ жанында жақындары болмаса да, ол өз мәселесімен жалғыз қалмауға тиіс. Қарттық шақтың қадірлі өтуі тек баспана, тамақ пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен өлшенбейді. Ең бастысы адамның өзін қажет сезініп, оны біреудің ойлап, қамқорлық танытып жүргенін білуі.
Бұған дейін Қазақстанда 100 жасқа толған 44 зейнеткер бар екені хабарланған еді. Олар қалалардың қалай өзгергенін, жаңа ұрпақтың өсіп-жетілгенін және талай тарихи оқиғаны көзімен көрген. Қазір еліміздегі ең қарт әйел 106 жаста, Шымкентте тұрады. Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері, ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор әрі академик 104 жасқа толған. Ол – Қазақстандағы ең қарт ер зейнеткер.