Жалпы ішкі өнімдегі тау-кен өндіру секторының үлесі қысқарып келеді – Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM — Орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген міндеттерге сәйкес экономиканы одан әрі әртараптандыру экономикалық өсудің сапалы түрде жаңа моделін қалыптастыруға бағытталу тиіс. Бірінші кезекте жаңа инвестициялар елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға шоғырландырылуы қажет. Осыған байланысты жоғары қосылған құн қалыптастыра алатын өңдеуші және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту басым бағытқа айналуда, - деді Серік Жұманғарин.
Оның атап өтуінше, 2025 жылы ел экономикасы тұрақты әрі сапалы өсуді көрсетті.
- Орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіптің, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ секторынан басқа салалардың озық дамуымен өтеледі, - деді ол.
Вице-премьер құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалып отырғанын айтты.
- Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3 пайыз болса, 2024 жылы ол 12,4 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5 пайыздан 12 пайызға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5 пайыздан 8,1 пайызға дейін қысқарды, - деді вице-премьер.
Айта кетейік, Үкімет отырысында экономиканы одан ары әртараптандыру тәсілдері пысықталып жатыр.