«Жұмысшылардың, инженерлердің және шаруалардың еселі еңбегі, әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызметі, кәсіпкерлердің табысты жобалары, мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығы және ғалымдардың елге пайдалы зерттеулері арқылы ұлтымыздың жасампаздық әлеуеті арта түсті. Өз кәсібін мінсіз атқарып жүрген мұғалімдер, медицина қызметкерлері және басқа да еңбек адамдары – бүгінгі күннің нағыз батырлары», - деді Президент өз құттықтауында.
Президент айтқандай, волонтерлер, меценаттар, құтқарушылар және өзге де жанашыр азаматтар игі істер жасап, жанкешті ерлік көрсетіп, тілектестік пен қамқорлықтың озық үлгісін танытты.
«Біз жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, еңбекқорлық пен білімпаздықты дәріптеу және креативті экономиканы дамыту үшін көптеген маңызды жұмысты қолға алдық. Елімізде кәсіби спортпен қатар, бұқаралық спорт қарқынды дамуда. Әсіресе, балалар дене шынықтырумен белсенді айналысатын болды. Сол себепті мемлекет ауылдық және қалалық жерлерде жаңа спорт нысандарын салып жатыр», - деді Қ. Тоқаев.
Сондай-ақ, Қазақстан ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келетін салиқалы сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті.
«Бір сөзбен айтқанда, осы жыл біздің еліміз үшін мол табысқа, жарқын сәттерге және маңызды оқиғаларға толы болды. Жалпы, экономикамыз 4,9 пайызға өсті. Тұтас жұрт болып көптеген өзекті мәселені шеше бастадық. Осылайша, еліміздің дамуына тың серпін бердік. Ең бастысы, біз жалпыға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Жүргізілген реформалар өз жемісін бере бастады. Бұл – бәрімізге ортақ іс. Сондықтан мен осы маңызды жұмысқа атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын», - деді Мемлекет басшысы.