Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Құрылтай депутаттығына 33 кандидатты бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) кезектен тыс XXV съезі өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 33 кандидаттың тізімі бекітілді.

Фото: Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Партия мәліметінше, Құрылтай депутаттығына ұсынылған 33 кандидаттың 23-і — ер адам, 10-ы — әйел. Кандидаттардың ең үлкені 1957 жылы, ең жасы 2000 жылы туған.

Съезде партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасы да бекітілді. Бағдарлама атауы ЖСДП-ның 2027 жылы 20 жылдық мерейтойын атап өтуімен байланысты. Құжатта партия ұсынған реформалардың 20 негізгі бағыты қамтылған.

Бағдарлама төрт негізгі бағытты қамтиды. ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстан саяси дамудың жаңа кезеңіне өткенін айтты. Оның сөзінше, Ата Заңда көрініс тапқан бірқатар бастаманы партия ұзақ жылдар бойы көтеріп келеді.

— Жиырма жылдық тарихында ЖСДП өз бағытын өзгерткен жоқ. Біз халықпен бірге болатын партия болып қала береміз. Сайлауалды бағдарлама демократиялық реформалармен ғана шектелмейді. Онда мемлекет басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы жаңғыртуға арналған нақты тетіктер ұсынылған, — деді ол.

Фото: Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Съезде әлеуметтік саясат мәселелері де қаралды. Партия өкілдері білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғауға бөлінетін қаржыны бюджет шығыны ретінде емес, адам капиталы мен елдің болашағына салынатын инвестиция ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ зейнетке шығу жасын қысқарту мәселесін де көтерді.

ЖСДП сондай-ақ экономиканы демонополияландыруды, отандық өндірісті қолдауды, ауыл шаруашылығын дамытуды, жер үлесі иелерінің құқықтарын қалпына келтіруді, жеке қосалқы шаруашылықтардың құқықтық мәртебесін заңмен бекітуді және табиғи ресурстардан түсетін табысты әділ бөлуді қолдайтынын мәлімдеді.

Съезде саяси реформаларды жалғастыру мәселесі де көтерілді. Қатысушылар жаңа Конституцияның қабылдануы саяси жаңғыру үдерісінің аяқталғанын білдірмейтінін атап өтті. Партия халық билігі институттарын дамытуға, саяси бәсекелестікті қамтамасыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін нығайтуға, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуге және азаматтардың конституциялық құқықтарының орындалуына кепілдік беруге басымдық беретінін айтты.

Съезд қорытындысында партия сайлауалды бағдарламасы мен кандидаттар құрамын таныстырып, Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына ресми түрде кіріскенін жариялады.

Бұған дейін Қазақстан халық партиясы Құрылтай депутаттығына 72 кандидатты бекіткен болатын.