Жалпы кинопрокаттағы анимациялық фильмдердің үлесі 35 пайызға жеткізіледі - министрлік

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрлігі кинотеатрларда прокатқа шыққан шетелдік және отандық фильмдер туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір отандық кинематографияда кинематографистердің белсенді қызметі байқалып отыр. 2020 жылы 273 фильм шықты, оның ішінде қазақстандық кино - 36. Ал 2021 жылы 354 фильм шықса, соның 31-і қазақстандық кино. 2022 жылы кинотеатрларда 449 фильм шықса, соның 60-сы отандық фильмдердің үлесінде. Былтыр жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі шамамен 14,5 пайызды құрады. Бұл мәселені шешу үшін Мәдениет және спорт министрлігі Мәдени саясат тұжырымдамасы аясында отандық фильмдердің үлесін біртіндеп арттыру шараларын қарастырды», - делінген министрліктің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Тұжырымдама аясында Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға қарай отандық фильмдердің, оның ішінде жалпы кинопрокаттағы анимациялық фильмдердің үлесін 35 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы көрсеткішті жүзеге асыру үшін барлық отандық киноөндірістік компанияларды қамти отырып, ұлттық фильмдер шығару бойынша жүйелі мемлекеттік қолдау ұсынылады.

«Сондай-ақ, отандық фильмдер түрлі кинопрокат платформаларында ұсынылатын болады. Бұдан басқа, қазақстандық кино күндерін ұйымдастыру, отандық фильмдердің халықаралық кинофестивальдерге және кино нарықтарына қатысуын қамтамасыз ету арқылы қазақстандық фильмдерді шетелде ілгерілету жөнінде шаралар қабылданады», - деп нақтылады ведомство мамандары.