Жалпы отырыста бірқатар заң жобалары талқыға салынады

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Ертең, сәуірдің 21-і күні, ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары енгізілетін болды. Бұл жөнінде Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хабарламасы тыңдалады.

Депутаттардың талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметін» дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ұсынылады. Заң жобасы туралы ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасайтыны жоспарлануда. Жұмыс тобындағы талқылаулар қорытындысы жайлы Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов түсінік береді.

«Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы туралы Әділет министрінің орынбасары Марат Бекетаев баяндайды. Қосымша баяндама жасау міндеті Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Камал Бұрхановқа жүктелген.

Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқыға салу көзделіп отыр. Осы парламентшілер бастамашы болған заң жобасының маңыздылығы туралы Мәжіліс депутаттары Владимир Бобров пен Аманғос Өтегенов түсінік береді.