Жалпыға Ортақ Еңбек: Қауіпсіздік техникасы бойынша маман не үшін қажет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір әлемде жаһандық дағдарыс толқынымен қалай күресу керек деген мәселе басты назарда. Әрбір ел бұл тығырықтан шығу жолын өздігінше қарастырып жатыр. Бұл тұрғыда Елбасы отандастарымыздың санасына еңбектің қадірі мен кәсіпқойлық рухын сіңіруге үндейтін «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» Тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі. Жоба ғаламды жайлаған дағдарыстан сауатты қорғануға бағыттайды.

Әлемдiк нарықта әрбір мемлекеттің өз орнын табуы алдымен бәсекеге қабiлеттi өндiрiс орнын құру мен оны қазiргi заманға сай жаңғыртуына байланысты екені белгілі жағдай. Сондықтан, сұранысқа ие  кәсіпті меңгеру, тұрғындарды жұмыспен қамту, кадрларды қайта даярлау мәселесі осы қажеттіліктен туып отыр. Жалпы, еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің міндеті. Бүгінгі қоғамда сұранысқа ие кәсіптер тізімінде нано технолог, дизайнер, инженер, дәрігер мамандарымен бірге  қауіпсіздік техникасын меңгергендер де аталып жүр.

 

 Осыған орай, «Қазақконцерт» МКҰ»-ның қауіпсіздік техникасы бойынша инженері Айман Жолмаханованы сөзге тартқан едік.

- Қауіпсіздік техникасы мамандығының бүгінгі күні сұранысқа ие мамандықтар қатарына жатуына не себеп? Бұл мамандықтың бүгінгі күнге қажеттілігі қандай?

- Көп адам біле бермес, ең алғашқы қауіпсіздік техникасы нұсқаулықтары қанмен жазылған. Бұл «кейін өкінгеннен гөрі, қауіпсіздікті сақтаған дұрыс» дегенге саяды емес пе?! Ал сұранысқа ие мамандықтар қатарына жатуына себептің бірі - қазіргі уақытта елімізде жаңа инновациялық жобалар жүзеге асырылуда, құрылыс, өнеркәсіп салалары қарқынды даму үстінде. Сондықтан қауіпсіздік техникасы мамандығы аса қажет. Оның басты мақсаты - өндірісте немесе кеңседе жарақаттану фактілері және жазатайым оқиғалардың алдын алу. Жұмыс барысында қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жүйесі бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу. 

- Қауіпсіздік техникасы инженерінің атқаратын қызметі жұмысқа жаңадан қабылданған маманды мекеме қауіпсіздігімен жан-жақты таныстыру деп қана білеміз. Осы жұмыс қаншалықты өз тиімділігін көрсетеді?

- Ескертілген адам - қорғалған адам. Жұмысқа жаңадан орналасқан қызметкерлерді мекеменің ішкі тәртібімен, қауіпті аймақтармен, қауіпсіздік ережелерімен жан-жақты таныстыру - кіріспе нұсқаулық өткізудің басты мақсаты. Кез-келген жаңа орын, таңсық орта адамға өз қауіп-қатерін алып келуі мүмкін. Нұсқаулық өткізу - сол қауіп-қатердің алдын алу деген сөз. Оның тиімділігі - төтенше жағдайларда қорғану, өндірістік жарақаттанудың, кәсіби аурулардың алдын алуда көрінеді.   

- Өзіңіз жұмыс істейтін мекемеде қандай жобалар, жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- Біздің мекемедегі өз қызметімнің басты құрамдас бөлігі - қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтау, еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Осы салада қызметкерлерге үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нұсқаулықтар беріліп отырады. Қауіпсіздік техникасымен қатар, өрт қауіпсіздігі, электр қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қауіпсіздікке де аса үлкен мән беріледі. Бұлай дейтінім, республика аумағында 16 мыңға жуық террористік тұрғыдан осал объектілер бар. «Қазақстан» орталық концерт залы да адамдар көп жиналатын орын болғандықтан  сол нысандардың қатарында. Біздің елімізде бұл мәселе соңғы уақытқа дейін нақты қауіп төндіретіндей дәрежеде емес, ықтимал қатер ретінде ғана қарастырылып келді. Тек соңғы жылдары орын алған жағдайлардан кейін бұл салада заңдар күшейтіліп, жұмыстар жүргізіле бастады.

Мысалы, Ақтөбеде болған оқиғадан кейін ҰҚК тарапынан азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымы субъектілеріне кешенді тексеру жүргізілген. Нәтижесінде олқылықтардың 50% дүкенде, күзет агенттіктерінің үштен бір бөлігінде, 50%-дан астам инкассация қызметтерінде анықталған,  150-ден астам тұлға жауапкершілікке тартылған.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің хабарлауынша соңғы 5 жылдың ішінде террористік және діни-экстремистік сипаттағы қылмыс жасағаны үшін 445 адамға үкім шығарылған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының аумағында Ақтөбе қаласында орын алған теракт оқиғасынан кейін 6 маусымда белгіленген террористік қауіптіліктің бірқалыпты «сары» деңгейі 2017 жылдың 15 қаңтарына дейін әрекет етеді.

 Ал, өмірге қауіп төнген жағдайда тұлғаның қауіпсіздік шаралары мен қорғану талаптарын білуі көп олқылықтың алдын алады. Міне осындай қауіп-қатерге қарсы тұруға үйрету, қауіп аймағында болғанда әрекет ету тәртібін түсіндіру жұмыстары да бүгінде қауіпсіздік техникасы маманының қызметі. Сондықтан біз өз қызметкерлерімізбен осы бағытта түрлі тақырыпта жиналыстар өткізіп тұрамыз.

- Қауіпсіздік  техникасы  мамандығын  таңдауыңызға  не  себеп болды?

- Кез-келген кәсіпті игеру үшін тұлға еңбек етуге қажетті шешім қабылдай алуы керек, сонымен қатар жағдайды сараптау, ұйымдастыру, бастамашыл, жан-жақты, бәсекеге қабілетті болу сияқты маңызды қабілеттерге ие болуы қажет. Қауіпсіздік техникасы мамандығын таңдаудағы басты себеп - осы мамандықтың сұранысқа ие екендігі болды. Адамдардың еңбек ету барысындағы қауіпсіздігін сақтау, қажет жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, қауіпсіз және зиянсыз жағдайда еңбек етуге, жұмыс орнында оларға қолайлы жағдай жасау, өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті жою - таңдаған мамандығымның ең жақсы тұсы деп есептеймін.

 

Р.S. Қай кезде де азат еңбек, жасампаз iс, өнiмдi кәсiп қана ең жоғары мәртебеге лайықболған. Ол бүгін де солай. Жалпы,техника қауіпсіздігі инженері - жауапкершілік жүгі ауыр, үнемі қырағылықты талап ететін қиын мамандықтың бірі. Сонысымен де ол сұранысқа ие, қажет мамандық.

                                                                                                      

                                                                                                                                                                                     Айнаш Ерухан