Жалпықалалық сенбілікке 80 мыңға жуық астаналық қатысады деп күтілуде

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - 10 сәуір күні Астанада экологиялық айлық басталды.

Дәстүр бойынша 20 сәуірде қалада абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша жалпықалалық сенбілік өтеді. Оған қазірдің өзінде 80 мыңға тарта астаналық қатысады деп күтілуде. Бұл туралы astana.kz сайтына қала әкімдігінің Өмір тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бөлімінен мәлім етті.

Жалпықалалық экологиялық сенбілік аясында қалалық және республикалық ұйымдармен бірге «Астана-Көгалдандыруқұрылысы» АҚ 2500 дана ағаш түрлерін отырғызады.

Есіл ауданында Тұран даңғылы бойында 1 мың түп, Алматы ауданындағы көлік айырығы көпірінде, Пушкин және Ақжол көшелерінің қиылысында 1 300 түп, Сарыарқа ауданындағы Тілендиев даңғылында 200 түп ағаш отырғызу жоспарланған.

«Қала әкімдігінің тапсырысы бойынша 2200 тал мен тамыр ағаштарын, инертті материалдарды (1059 шаршы метр топыраққа 429 шаршы метр құм), сондай-ақ 3,5 тонна тас және қоқыстарды жинау үшін 5600 полиэтилен қабын бөлу жоспарланған», - деп хабарлайды бөлімнен. Экологиялық айлық барысында көгал аумағы ретке келтіріліп, саябақтар мен гүлзарларды қала көшелерін күл-қоқыстан тазарту және ағаштарды әкпен ақтау жұмыстары жүргізіледі.