«Жалпыұлттық «Қазақ» газетіне жүз жыл толады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 30 қаңтар, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Қарағанды облысында болып, өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Қарағандыда Премьер-Ми­­нистр С.Н.Ахметов пен Пре­зи­дент Әкімшілігінің Басшысы К.Қ.Мәсімов об­лыс­тық мәслихат­тың кезектен тыс сессиясына­ қатысып, он­да С.Ахметов Мемле­кет басшысының Бауыр­жан Әбдішевтің кандидатурасын облыс әкімінің лауазымына ұсыну туралы хатын депутаттарға оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатқа бірауыздан қолдау көрсетті. Сессия аяқталған соң С.Ахме­тов облыс активіне өңірге жаңа бас­шыны таныстырды. «Жаңа әкімнің алдына елеулі міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысы Қарағанды облысын дамытуға айрықша көңіл бөледі. Б.Әбдішевтің Президенттің жоғары сенімін ақтайтынына сенімім мол», - деді С.Ахметов.

«Табиғаттың тылсым күшіне таң қалмасқа шараң жоқ. Оңтүстіктің теріскейінде болған дүлей дауыл әлі талай әңгімеге тамызық болатын шығар. Қайбір күні Шолаққорғанда болғанымызда ауыл қариялары «осыншама жасқа келгенімізде мұндай дүлей дауылды бірінші мәрте көріп отырмыз, әйтеуір, құдай ақырын берсін», деп өздері де аң-таң болып отыр. Иә, қанша Оңтүстік десек те, Созақ жері баяғыдан-ақ табиғатының қаталдығымен ерекшеленетін. Бірақ, бұл жолғысы тым тосын болды. Дауылдан ең көп зардап шеккен елді мекен - Таукент. Бірақ, жел жақ бетін қарт Қаратау орап, өзі шұңқырдың ішінде, ықта жатқан бұл кентті әп-сәтте опай-топай қылғанына тағы да таң қаласың. 5 мыңға тарта тұрғыны бар шағын кентте дауылдан аман қалған үй жоқ. Желдің екпінінің қаттылығы соншалық, ауыр жүк көліктерінің өзін аударып тастаған. Біз Таукентке барғанда қираған үйлерді жөндеудің соңғы жұмыстары жүріп жатыр екен»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Бұл мақала «Барлық жұмыс береке-бірліктің арқасында бітті» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, ақпан айының 2-күні Ахмет Байтұрсыновтың бас болуымен алаш арыстары дүниеге әкелген Жалпыұлттық «Қазақ» газетіне жүз жыл толады. Ұлттық сананың ұйытқысы бола білген басылымның бір ғасырлық мерейтойы елеусіз, ескерусіз қалмауы керек. Осыны ойлаған «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубы алаштанушы ғалымдар мен ақын-жазушыларға және саясаткерлерге мінбер ұсынып, сөз берді. «Қазақ» газетінің шығу тарихы, қазіргі журналистиканың өзекті мәселелері және Алаш арыстарының ұстанымдары мен идеяларының бүгінгі күнмен сабақтастығы туралы тақырыптар талқы таразысына түскен жиында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин алғашқылардың бірі болып пікір білдірді. Ол осыдан жүз жыл бұрын қазақ баспасөзінде жариялан­ған мақалалар күні бүгінге дейін өзектілігі мен маңыздылығын жоймағанын жеткізіп, сол кезде жарық көрген газеттер қалғыған елдің ұлттық рухын оятуға талпынғанын түсіндірді. Бұдан кейін партия хатшысы әңгіме ауанын қазіргі қазақ журналисти­ка­сына бұрып былай деді: «Қазіргі қазақ баспасөзі Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап ұлттық қозғалыстың, ұлт­тық партияның қызметін атқарып келеді. Тіл, дін, діл, жер мәселелерін көтеруде де қазақ баспасөзі мен қазақ тілді журна­лис­тер алдарына қара салдырмай отыр». Бұл мақала «Ұлттың рухын көтерген басылым» деген тақырыппен беріліп отыр.

Осы басылымда «Жағымсыз жарнама: келмеске кеткен қызыл әскер күнін қашанғы тойлаймыз?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қаңтар айы қаңтарылып, ақпан есігін ашқан мезгілден бастап коммерциялық жарнамалардың күні туады. Мысалы, апта басында «Алмалы» сауда орталығы таратқан орыс тіліндегі жарнама парақшалары келіп түсті: Сыртқы безендірілуі және қағаз­дың сапасы жағынан мін жоқ. Олар 1-14 ақпан аралығында «Алмалы» сауда орталығында бір-біріне ғашық бойжеткен мен бозбаланың суреті арнайы бейнекөріністермен безендіріліп берілсе, 23 ақпан - Отан қорғау күніне жастарды мерекелік той-думанға шақырады. Бұл күн Ресейде ресми мереке ретінде атап өтіледі. «Рас, біздің елдің қызыл әріппен белгіленген ме­рекелер тізімінде 17 қазан да, 14 ақпан да, 23 ақпан да жоқ. Бірақ тойланады. 23 ақпанды Отан қорғаушылар күні деп тойлауға дайын­далып жатқандарын қып-қызыл жарнамасы арқылы дүйім жұртты той-думанға шақырып жатыр. Жоғары­да келтірілген күндер құр­метіне орайластырылған мерекеге «Алмалы» сауда орталығы ғана емес, 17 клуб қызу дайындақ үстінде. Алды елімізден тарайтын коммерциялық телеарна­лар арқылы да, түрлі-түс­ті буклеттер арқылы да жар­намасын келістіріп жа­тыр. Бәрі - орыс тілінде. Себебі ресми тілде берілген жарнаманың уыты жастар арасында өтімдірік. Біз мұ­ны аталмыш сауда орталығы­ның жарнама менеджері Вик­тор Халмұрадовтан есіттік. «Осыдан 21 жыл бұрын келмеске кеткен Қызыл әс­кер күнінің бүгінге дейін тойланып келе жатқанына не себеп?» деген сауалы­мыз­ға «23 ақпан есте жоқ заманнан бері тойланып келе жа­тыр. Және жыл сайын жас­тар көп жиналады. Ал 14 ақпан жастар жүрегін жал­ғастыратын күнге айналды. Жастар 14 ақпан күні неке­сін қию үшін алты ай бұ­рын өтініш беріп қояды. Бұл - біздің елдің жастары үшін қалыптасып қалған дәс­түр» деген жауап алдық»,-деп жазады газет тілшісі.

***

«Алаш айнасы» газетінде «Қыздарымыз қылықты емес, былықты болып бара ма?» деген мақала жарық көрді. «Бесіктен белі шықпай жатып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ Ішкі істер басқармасына қарасты Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің есебінде тұратын жасөспірімдер мәселесі алаңдатарлық. Өйткені мектеп инспекторлары «мектеп қабырғасында жүрген оларды түзу жолға салмасақ, ертеңгі күні түрме баласына айналуы оңай» дейді. Ал мұндай тізімге қыз балалар көптеп ілініп жатса, бұл - тіпті алаңдатарлық жағдай», деп жазады басылым.