Оның айтуынша, қоғамдағы тәртіпті қалыптастыру үшін заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін тетіктер қажет.
— Мемлекетімізді «штрафстан» деп сынайтындар бар. Бірақ біз мұны жасамасақ, халықты қалай тәрбиелейміз? Оңтүстік Кореяға бардық. Ол жақта аяғыңды артық қойып қойсаң, айыппұл төлейсің. Кейде халықты тәрбиелейтін осындай тетіктер болуы керек, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Имам қоғамдық орындардағы тазалық мәселесін мысалға келтіріп, кейбір қарапайым ережелердің заңмен бекітілуіне қоғамдағы тәртіптің төмендеуі себеп болғанын айтты.
— Мысалы, қоқысты үйінің алдына шығарып қоятын жағдайлар бар. Көрінген жерге түкірмеу туралы заң шығаруға тура келді. Неге? Өйткені сондай жағдайға жеттік. Бұрын адамдарда ар, намыс, ұят, Құдайдан қорқу, үлкенді құрметтеу сияқты қағидалар болды. Сондықтан көп нәрсені заңсыз-ақ реттейтін, — деді ол.
Нұрлан Байжігітұлы қазіргі қоғамда камера мен айыппұл сияқты бақылау тетіктерінің қажеттілігіне де тоқталды.
— Жолдағы жылдамдықты алайық. Белгіде 60 шақырым деп тұрса да, кейбір адам 160-пен жүреді. Белгіге қарамайды. Камера қойып, бірнеше рет айыппұл төлегеннен кейін ғана тоқтайды. Сондықтан кей жағдайда камера арқылы тәртіпке келтіруге тура келеді. Басқа амал қалмайды, — деді имам.
Оның айтуынша, заң талаптарын орындауды сыртқы бақылау арқылы ғана емес, адамның ішкі жауапкершілігі арқылы қалыптастыру маңызды.
— Құдайдың камерасы бар деп үйрете алмай жатқан жоқпыз ба? Егер Құдайдың камерасын адамның жүрегіне жеткізе алмай жатсақ, онда мемлекеттің камерасы пайда берсін. Камера дегеннің өзі — заңның орындалуын бақылау құралы, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Имам әлеуметтік желідегі теріс контенттің жас ұрпаққа әсеріне де назар аударды. Оның пікірінше, үлкендердің әрекеті кейінгі буынға үлгі болып, жағымсыз әдеттердің тез таралуына себеп болуы мүмкін.
— Әрине, жаман мысал тез жұғады, тез тарайды. Бірақ жалпы тіліміздің шұбарлануына, қоғамдағы тіл мәдениетінің бұзылуына осындай дүниелер себеп болады. Мысалы, шетелдік фильмдерден бір-екі балағат сөз ортамызға кіріп кетті. Қазір жастарымыз сол сөздерді сөз тіркесі ретінде қолданып жүр. Бұл дұрыс емес, — деді ол.
Сонымен қатар Нұрлан Байжігітұлы қоғамдағы келеңсіз құбылыстармен күресте тек жазалау шараларына сүйену жеткіліксіз екенін атап өтті.
— Жаман нәрсемен күресудің жақсы жолы — жақсылықты көбейту. Біз ұстай беріп, қамай беріп, бәрін талқандай бергеннен қоғамды түзеп бітпейміз. Біз жақсылықтың жаршысы болуымыз керек. Сонда жаманшылықтың өзі түбінде азаяды, — деп түйіндеді имам.
Айта кетейік, камералдық бақылау жүргізу қағидалары өзгерді.