Жамаубаев банктерді нақты секторды көбірек кредиттеуге ынталандыру шараларын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк 9 айда айналымнан 3,2 трлн теңгені алып тастады. Бұл туралы Құрылтай отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасар Ерұлан Жамаубаев айтты.

Коллаж ЖИ/Kazinform

— Біз алтын сатып алу операцияларын теңестіруді жалғастырамыз. Нақтырақ айтатын болсақ, кәсіпорындардан алтын сатып алу кезінде айналымға артық ақша массасы шығарылады. Оның инфляцияға әсері болмас үшін шетел валютасын сату арқылы сол қаражат қайтарылады. Биыл тек 9 айдың ішінде 3,2 трлн теңге айналымнан алынды. Жыл соңына дейін шамамен тағы да 900 млрд теңге алынады деп жоспарланған, — деді ҰБ төрағасының орынбасары.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қабылданып жатқан макро және микропруденциялық шаралар нәтижесінде тұтынушылық кредиттеу нарығының қалпына келуі және оның теңгерімді өсуі байқалады.

— Қазір банктер жеке тұлғаларға неғұрлым көбірек тұтыну кредиттерін берсе, тиісінше соғұрлым өз капиталдарын арттыруы тиіс. Бұл контрциклдік буфер деп аталады. 1 қазанның ахуалы бойынша қалыптасқан банктердің капитал буферінің шамасы 550 млрд теңгеден асты, — деді ол.

Оның атап өтуінше, банктердің мүдделерін бизнесті кредиттеуге бағыттау мақсатында биылдан бастап олардың табысына сараланған салық салу енгізілді, яғни бөлшек несиелеуден түскен табыстар бойынша корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 25%, ал бизнесті кредиттеу бойынша 20% болды.

— Бұл басқа да шаралармен бірге банктерді нақты секторды көбірек кредиттеуге ынталандырады. Соның арқасында бөлшек несие портфелінің жылдық мәнде өсуі 11,6% болса, бизнеске берілген кредиттер портфелі 14,2%-ға артқан, — деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін баға тұрақтылығында тәуекелдер сақталып отырғанын жазған едік.