Жамбы ату федерациясы 2024 жылға арналған жоспарын жариялады

Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов осы спортты дамыту жоспарын жариялады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

«Жамбы ату спортшылары 2023 жылды жақсы жетістіктермен аяқтап жатыр. Ел ішінде чемпионаттар ұйымдастырылды, сондай-ақ Франция, Венгрия, Моңғолияда біздің спортшылар алтын, күміс алып, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, ұлттық құраманы спорттық киіммен, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік», - деді Е. Ілиясов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жамбы атудан өтетін жарыстардың сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы федерация бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Осы орайда жарысқа арналған лазерлік таймер, нәтижелерді тіркеуге арналған бейнебақылау жүйесі, жарыс алаңында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жол белгілері, заманауи нысаналар, рациялар, оқ қағатын қорғаныш торы сатып алынды.

«Алдағы жоспарға тоқталсақ, жарыстардың санын арттыру мақсатында 2024 жылға 12 республикалық, 6 халықаралық жарыс белгіленді», - деді ол.

Одан бөлек, Еркебұлан Ілиясов ұлттық спортты жастар арасында дәріптеу мақсатында жамбы ату тарихы кеңінен тарқатылып баяндалатын, спорттың қыр-сыры әңгімеленген кітап дайындалып жатқанын айтты. Оған қоса балаларға арналған комикстер басылып шығарылмақ. Келер жылы спорттың осы түрі бойынша смартфондарға арналған қосымша іске қосылмақ.

«Осы уақытқа дейін жамбы ату жарыстарында қыздар ерлермен бірге жарысып жүрген болатын. Енді қыздар арасында ең жақсы нәтиже көрсеткендерге «Томирис» жүлдесі беретін болдық», - деді ол.

Федерация басшысы келер жылдары Шымкент қаласында жамбы ату спортының үлкен академиясын ашу жоспарланғанын жеткізді.

«Ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағытында фильм түсіру бастамасын көтеріп жатырмыз. Біздің қоғам ұлттық дәстүріміз, спортымыз жайында кеңінен мәлімет алуы керек санаймын», - деді Е. Ілиясов.

Таратылған мәліметке қарағанда, Сауд Арабиясының Әл-Ула қаласында Әлем кубогінің финалына еліміздің намысын қорғауға 3 спортшы мен 1 жаттықтырушы барады. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар қатысады.

7-10 желтоқсан аралығында Шымкентте, яғни қысқы маусымда ұйымдастырылып отырған алғашқы турнирге Қазақстанның барлық өңірінен 100-ге жуық спортшы қатыспақ.