Жамбыл облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл тағайындалды

Фото: Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бұйрығымен Еркін Қуанышев Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі лауазымына тағайындалды.

Еркін Қуанышев 1968 жылы 1 тамызда Жамбыл облысының Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында дүниеге келген.

1986 жылы Жамбыл есепке алу-статистикалық техникумын, 1990 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «Экономика» мамандығы бойынша, 1998 жылы Талдықорған заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Свердлов аудандық комсомол комитетінің есеп және қаржы секторының меңгерушісі болып бастады, Жамбылдың салық органдарында жұмыс істеді.

1993 жылдан 2023 жылға дейін прокуратура органдарында әртүрлі лауазымдарда, соның ішінде басшылық қызметтерде болды.

2023 жылдың тамызында отставкаға кетті. 2023 жылдан бастап облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның мүшесі, сондай-ақ облыс прокуратурасы органдары ардагерлер кеңесі атқару комитетінің мүшесі.

Бұған дейін Руслан Желдібай жаңа қызметке тағайындалғанын жазған болатынбыз.