Жамбыл облысы Қазақстанды стратегиялық маңызды химия өнімдерімен қамтып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысы Қазақстанды стратегиялық маңызы бар химия өнімдерімен 100% қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев есеп беру брифингінде айтты.
Әкімнің айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9%-ға өсті. Осы жылдың 10 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,8% деңгейінде қалыптасты.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 17%-ға, ауыл шаруашылығы — 3,1%-ға, құрылыс жұмыстары — 18,8%-ға, тұрғын үй — 1,7%-ға, сауда — 0,5%-ға, көлік — 2,9%-ға, байланыс — 9,4%-ға, негізгі капиталға инвестиция — 38,3%-ға артты.
— Жыл басынан бері өңірде 1,1 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылды. Өнеркәсіп өсімі бойынша Жамбыл облысы республикада 3-орында, ал өңдеу өнеркәсібінде — 5-орында. Жалпы өндіріс көлемінің шамамен 63%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, — деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Мұнда Жамбыл облысы республика бойынша көшбасшылық позициясын берік ұстап тұр: өңірде Қазақстанда өндірілетін натрий триполифосфаты, натрий цианиді, аммофостың, сары фосфордың 100%-ы және қанттың 40%-ы өндіріледі.
— Жыл басынан салаға 203,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып (2,1 есе өсім), өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты 1,5 есеге ұлғайды (270,4 млн доллар), бұл республика бойынша 1 орын, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыста Қазақстанда алғашқы ірі натрий цианиді зауытының құрылысы басталды.