Жамбыл облысы ПД экс-басшысының орынбасары пара алғаны үшін 6 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қалалық №2 соты Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пен Талас аудандық полиция бөлімі бастығының бұрынғы міндетін атқарушы Еркен Абаевқа қатысты үкім шығарды.

Фото: Жамбыл облысы ӨКҚ

Сот Жайдарбек Құттыбаевты кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Еркен Абаев 5 жылға сотталды. Сонымен қатар екеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқаруға тыйым салынып, арнайы атақтарынан айыру туралы шешім қабылданды.

Сотталушылардың екеуі де тағылған айыптарды мойындамаған. Олар істің қолдан құрастырылғанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы бұған дейін сұралған жаза мерзімдерін өзгеріссіз қалдыруды талап етті. Ал қорғаушылар айыптау негізінен жәбірленушінің көрсетулеріне сүйенгенін, іс материалдарында жеткілікті дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

Жайдарбек Құттыбаев соңғы сөзінде полиция органдарында 29 жыл қызмет еткенін айтып, тергеу ұсынған деректер оның кінәсін дәлелдемейтінін жеткізді.

«Егер мен шынымен ақша алған болсам, жәбірленушіге қатысты тәртіптік кеңес өткізбес едім. Бұл айыптау нұсқасының өзіне қайшы келеді», – деді ол.

Сондай-ақ ол жәбірленуші қауіпсіздік қызметі өкілдерінің ықпалымен өзіне қарсы айғақ бергенін және тергеу барысында жауабын бірнеше рет өзгерткенін айтты.

Еркен Абаев та кінәсін мойындамады. Оның қорғаушылары айыптау даулы айғақтарға негізделгенін және тікелей дәлелдердің жоқ екенін алға тартты. Сотта қосымша қорғаушы ретінде сөз сөйлеген әкесі де сарапшы әңгімелердің стенограммасынан пара беру фактісін растайтын нақты мәлімет таппағанын мәлімдеді.

Үкімді жариялау кезінде судья сот барысында куәлардың жауаптары тыңдалып, олардың айғақтары өзге дәлелдермен салыстырылғанын атап өтті.

«Сотталушылар істің көптеген мән-жайларымен келіскенімен, ақша алу фактісін жоққа шығарды. Алайда сот олардың кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді», – деді судья.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандардың туыстары шешіммен келіспейтіндерін айтып, жоғары тұрған сотқа шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттің экс-шенеуніктеріне қатысты іс тағы созылуы мүмкін екені хабарланды.