Жамбыл облысының Полиция департаменті қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады ведомстводан.
19 жастағы Мадина Рашидқызы Меркі ауданында күйеуімен бірге тұрған. Жұмадан сенбіге қараған түні оның денесі табылған.
Марқұм Өзбекстан азаматы болған. Ал оның күйеуі – Қазақстан азаматы.
Ерлі-зайыптының шаңырақ көтергеніне шамамен екі жыл болған. Олар сегіз айлық баласын тәрбиелеп отырған.
Қаза боларынан аз уақыт бұрын Мадина құрбысына күйеуімен жанжалдасқанын және ажырасқысы келетінін айтқан.
Марқұмның құрбысы Зейнеп Мұсахожанова онымен шамамен үш жыл бойы жақын араласқанын айтты.
Оның сөзінше, Мадина отбасындағы жанжалдар туралы бірнеше рет айтып, күйеуінің өзіне күш көрсететінін жеткізген.
Зейнеп марқұмның денесіндегі көгерген іздерді көргенін және оның жарақаттарының суреттерін алғанын да айтты.
Құрбысы соңғы жанжал кезінде Мадинаның қасында болмаған. Ол оқиға туралы тек екеуінің хат алмасуынан хабардар болған.
Мадина хабарламаларының бірінде жанжалдың балаға алып берген тәттіге байланысты болғанын жазған. Оның айтуынша, тәттіні өзі жеп қойған.
Зейнептің сөзінше, Мадина сол кезде күйеуінің тағы да өзіне қол көтергенін айтқан.
Келесі күні Мадина құрбысына жинап қойған киімдерінің суретін жіберіп, күйеуінен кеткісі келетінін хабарлаған.
Одан кейін ол құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұраған. Зейнептің айтуынша, оның қолында қажетті ақша болмағандықтан, таныстарынан көмек сұрамақ болған.
Алайда жұма күні Алматыдағы интернетке қатысты мәселелерге байланысты Зейнеп ешкіммен байланысып, қажетті соманы таба алмаған.
Кейін Мадинаның енесі оның қайтыс болғанын хабарлаған.
Құрбысының айтуынша, Мадина бұған дейін өз туыстарынан да, күйеуінің жақындарынан да көмек сұраған. Соған қарамастан ол күйеуімен бірге тұра берген.
Бұл жайттардың барлығын енді тергеу анықтауы тиіс.
Зейнептің сөзінше, марқұмның анасы полицияға жауап беріп жатыр. Ал оның өзін әзірге тергеушілер жауап алуға шақырмаған.
Мадинаны жерлеу 16 тамызға жоспарланған.
Құрбысы қажетті сараптамалардың барлығы жүргізілген-жүргізілмегенін білмейтінін айтты. Ол тергеудің толық әрі жан-жақты жүргізілуіне алаңдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысында жасөспірім төбелестен кейін көзінен айрылды.