Жамбыл облысында 24 полигон рұқсатсыз жұмыс істеп келген — Прокуратура

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өңірдің экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі шаралардың тиімділігі мәселесі бойынша Экология департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды прокуратура. 

Фото: Жамбыл облысының прокуратурасы

Тексеру нәтижесінде қалдықтарды басқару, оларды орналастыру және сұрыптау көлемін есепке алу мәселелерінде жүйелі құқық бұзушылықтар анықталды.

«Облыстың 24 полигоны экологиялық рұқсатсыз жұмыс істейтіні, 100-ден астам полигон жыл сайынғы есептілікті тапсырмайтыны анықталды, бұл қалдықтардың көлемі бойынша ресми статистиканың есебін жаңылыстырып отыр», — деп хабарлады прокуратурадан.

Прокуратураның араласуынан кейін Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Қордай аудандарында қалдықтардың төгілуі мен жинақталу нормаларын бекіту мәселелері бойынша тиісті актілер, сондай-ақ Жуалы, Талас, Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында тарифтерді бекіту шаралар қабылданды.

«Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша стихиялық қоқыс үйінділері үшін 9 аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері әкімшілік жауаптылыққа тартылды», делінген хабарламада.

​Бұдан басқа, прокуратураның қалдықтарды дұрыс есепке алмау фактілері бойынша қадағалау актісімен Жамбыл облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы шекарадан жанармайды заңсыз өткізудің 159 дерегі анықталғанын жазған болатынбыз.