Жамбыл облысында 376 тонна жабайы қарасора жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Меркі ауданында «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 376 тонна жабайы қарасора жойылды, деп хабарлайды прокуратура.

Фото: polisia.kz

Меркі ауданы прокуратурасының үйлестіруімен уәкілетті мемлекеттік органдар 2026 жылғы маусымнан бастап аудан аумағында жабайы қарасораны анықтау және жою бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Аудан аумағында жабайы қарасора өсетін жерлердің жалпы көлемі шамамен 19 мың гектарды құрайды.

– Аталған жұмыстарды жүргізуге жұмыс тобының мүшелерімен қатар 14 ауылдық округтен 28 ерікті тартылып, қажетті арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінгі күнге 580 гектар аумақта 376 тонна жабайы қарасора шабылып, өртеу арқылы жойылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, жабайы қарасораны жою жұмыстары ауданда жыл сайын жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған негізгі шаралардың бірі.

Жүргізілген профилактикалық жұмыстар аясында ауданда есірткі қылмыстарының саны да азайған. 2025 жылдың алғашқы жеті айында 45 есірткі қылмысы тіркелсе, биыл осы кезеңде 28 дерек тіркелген. Осылайша қылмыс деңгейі 37,8%-ға төмендеді.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – есірткі қылмыстарының алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына тосқауыл қою, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өскелең ұрпақты есірткінің зиянды әсерінен қорғау.

– Есірткі құралдарын заңсыз өсіру, сақтау, тасымалдау, өткізу және олардың заңсыз айналымына байланысты өзге де әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады, – деп ескертті Жамбыл облысының прокуратурасы.

Айта кетейік, Теміртау маңында жылыжайда өсірілген 125 түп қарасора анықталды.