Жамбыл облысында 50-ге жуық қой өртке оранды

Фото: Жамбыл облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметі

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысы Сарысу ауданының Қаратас ауылындағы тұрғын үйдің ауласынан өрт шығып, 1 жылқы, 47 қой өртенді.

Төтенше жағдайлар департаменті күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» қызметіне мал қораның өртке оранғаны туралы хабарлама 25 наурыз күні 21 сағат 43 минутта келіп түскен. Оқиға орнына Жаңатас қаласының №16 өрт сөндіру бөлімінің 1 бөлімшесі, ерікті өрт құралымынан 7 адам, 1 Нива автокөлігі, жергілікті атқарушы органнан тіркемесі бар 1 МТЗ-80 тракторы шыққан. Аумағы 220 шаршы метрді шарпыған өрт 22 сағат 36 минутта оқшауланып, 22 сағат 56 минутта жойылған. 

«Мал қора ауласында барлығы 228 бас ұсақ мал (қой) болғандығы анықталды. 1 жылқы мен 47 бас қой өрт салдарынан жойылды. Ауыл тұрғындарының, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің және өрт сөндірушілердің көмегімен өртенген шаруашылық ғимаратынан малды қауіпсіз жерге айдап шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Осылайша 180 бас мал құтқарылды. Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алған. Аталған өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ», – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан релизде.