Жамбыл облысында 54 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылмаған

Фото: Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 97,5%, ауылдық 313 елді мекенде 94,9%-ды құрап отыр. 

Ал сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен, яғни 35,4 мың адам және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап – 6,9 мың адам қалып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов хабарлады.

– Биыл облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 21,5 млрд. теңгеге қаралып, 68 жоба іске асырылып жатыр. Оған 37 елді мекен мен Тараздағы 5 тұрғын алқапты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыз сумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8%-ға, ауылдық елді мекендерде 98,1%-ға жетеді, – деді Ғалым Исабайұлы.

Бұған дейін Жамбыл облысында 60 мектепте спортзал, 31 мектепте асхана, 39 мектепте кітапхана жоғын жазған болатынбыз.