Жуырда өңірде «Алкогольсіз ауыл» атты жедел-профилактикалық іс-шара аяқталды. Онда полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге елді мекендерге барып, тұрғындармен кездесіп, есепте тұрған азаматтарды және сауда нүктелерін тексерді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай рейдтердің мақсаты — тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, алкоголь әсерінен жиі туындайтын тұрмыстық жанжалдар мен қақтығыстардың алдын алу.
Төрт күн ішінде профилактикалық есепте тұрған 1676 адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Олардың ішінде 268 адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, 477 адам алкогольді шамадан тыс тұтынатындар қатарында, сондай-ақ 173 қауіп тобындағы отбасы бар.
Сонымен қатар полиция заңсыз алкоголь сату фактілерін тексеріп, 13 бұзушылықты анықтады.
Жалпы рейд барысында 167 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның басым бөлігі қоғамдық орындардағы тәртіпке қатысты болды: алкоголь ішу немесе мас күйде жүрудің 145 жағдайы тіркелді.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 56 ауыл алкогольден бас тартқан. Бұл тәжірибе әсіресе Қордай ауданы мен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда кең таралған. Құқық қорғау органдары бұл тәжірибені бүкіл өңірде кеңейтуді жоспарлап отыр.
Осыған дейін Қызылордада ішімдіксіз ауылдар саны 47-ге жеткені туралы хабарладық.