Жамбыл облысында 6 айда 21 орман өрті тіркелді

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

ТАРАЗ. KAZINFORM – Биылғы жартыжылдықта Жамбыл облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 21 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 11 585,5 гектар аумақ өртке оранды. 

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев журналистермен өткен брифингіде баяндады. Оның айтуынша, ең көп орман өрті Меркі ауданында тіркелген. Онда 6 ай ішінде 5 орман өрті оқиғасы болған. 

«Өткен жылы материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында 280,0 миллион теңге қаражат қарастырылып, тиісті техникалар мен агрегаттар алынған болатын. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 393,0 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер мен агрегаттар сатып алу және өрт бақылау мұнаралары мен найзағай сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Нартай Егембердиев.

Бұған дейін Жамбыл облысында трансформатор өртеніп, 180 үй жарықсыз қалғанын жазған едік.