Жамбыл облысында 700 мың гектарға жуық жайылым жетіспейді

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында мал басын ұстауға болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 3,6 млн гектар. Ал елді мекендер маңында 741 мың, орман қоры жерінде 1,7 млн, босалқы жер қорында 942,5 мың гектар жайылым бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызын алып жатыр.

«Биыл жайылым жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жетіспеушілігі анықталды. Бұл жетіспеушілікті жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт қарастырып отырмыз», — деді Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаев. 

Басқарма басшысының айтуынша, аталған бес бағыттың бірі — ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтару бойынша екі жылда 50,1 мың гектар жер қайтарылған.

31,6 мың гектар жер учаскелерінің иелері қайтыс болып кеткендіктен, ол жер телімдері қайта рәсімделген. 

Былтыр 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.