Сарысу ауданының прокуратурасы әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және субсидиялау саласындағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылғанын анықтады.
Атап айтқанда, аудан әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоғамдық көліктің 10 бағытына қызмет көрсететін тасымалдаушыларды субсидиялауға қажетті бюджет қаражатын толық көлемде жоспарламаған.
Мәселен, 2026 жылы субсидиялаудың жалпы қажеттілігі 186 млн теңгені құрағанымен, бюджетте небәрі 105,9 млн теңге қарастырылған.
Қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан 8 кәсіпкердің алдында ағымдағы жылдың тамыз және қыркүйек айлары үшін субсидия төлемдері бойынша жалпы сомасы 17,1 млн теңге берешек қалыптасқан.
Бюджеттік міндеттемелердің уақтылы орындалмауы тасымалдаушылардың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп, жұмысшыларға еңбекақыны уақытылы төлеуге, кредиттік және өзге де қаржылық міндеттемелерді орындауға кедергі келтірген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтар жойылып, кәсіпкерлер алдындағы берешек толық көлемде өтелді.
Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлға жауаптылыққа тартылды.
Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, Ұлытау облысында прокуратура араласқаннан кейін тұрғын үй сертификаттары берілген болатын.