Жылдың алғашқы 6 айында өңірдің әкімшілік соттарына барлығы 657 өтініш түскен. Оның 28,9 пайызы сот орындаушыларына қатысты шағымдарға тиесілі. Одан кейінгі орында жер даулары — 12,6 пайыз, өзге даулар — 12,3 пайыз, мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер — 11,1 пайыз және тұрғын үй даулары — 7 пайыз.
Алайда талап-арыздың берілуі соттың істі міндетті түрде қарайтынын білдірмейді. Есепті кезеңде 346 талап-арыз қайтарылған. Оның 184 жағдайында талап-арызды қайтаруды өтініш берушілердің өздері сұраған. Тағы 92 өтініш әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпаған.
Қалған себептердің басым бөлігі процестік сипатта болған. Он сегіз талап қоюшы міндетті сотқа дейінгі тәртіптен өтпеген. Он адам істі қарауға құзыреті жоқ сотқа жүгінген. Ал 19 адам белгіленген мерзімді өткізіп алып, оны қалпына келтіре алмаған.
Сонымен қатар 13 талап-арызға талап қоюшының атынан өкілдік етуге құқығы жоқ адамдар қол қойған. Тағы екі жағдайда мемлекеттік баж толық көлемде төленбеген.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.