Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында өңір соттарына осы санат бойынша 761 талап-арыз түскен.
Әңгіме алаяқтық нәтижесінде заңсыз иеленілген қаражатты қайтару және келтірілген материалдық залалды өтеу жөніндегі азаматтық талаптар туралы болып отыр.
Облыстық сот интернет-алаяқтықтың көбеюі азаматтық істер санының күрт артуына әсер еткенін атап өтті. Қылмыстық әрекеттен кейін жәбірленушілер шығынды өндіріп алу үшін азаматтық тәртіппен бөлек талап қоюға мәжбүр болады. Соның салдарынан қылмыстық істер кейде азаматтық дауға ұласады.
Жалпы өткен жылдан ауысқан істерді қоса есептегенде, биылғы жартыжылдықта облыс соттарының өндірісінде 24 288 талап-арыз болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 008 іске немесе 49,2 пайызға көп.
Сот жүктемесінің артуына алаяқтықтан бөлек, банк даулары мен несие міндеттемелерін орындай алмаған азаматтардың талап-арыздары да ықпал еткен.
Сонымен қатар сот есебінде осы санаттағы істердің қаралу нәтижелері көрсетілмеген. Атап айтқанда, өндіріп алу талап етілген залалдың жалпы көлемі, қанағаттандырылған талаптардың саны және өткен жылмен салыстырмалы көрсеткіштер жарияланбаған.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысында әкімшілік даулардың үштен бірі сот орындаушыларына қатысты.