Оқиға 2025 жылдың қыркүйегінде Жамбыл ауданындағы мектептердің бірінде басталған. Мұғалімге ағасы келіп, үйінің кілтін сұраған. Әйел кілттің қай жерге жасырылғанын айтып береді. Бұл әңгімені әріптесі кездейсоқ естіп қалады.
Бірнеше күннен кейін үй иесінің кешке дейін жұмыста болатынын білген әріптесі сылтау айтып жұмыс орнынан шығып кетеді. Ол жасырылған кілтті тауып, әріптесінің үйіне кіріп, алтын алқа мен сақинаны ұрлап кеткен.
Алғашқы ұрлық кезінде одан ешкім ешкім күмәнданбаған. Осыны пайдаланған әйел араға бірнеше күн салып әлгі үйге тағы келіп, сол тәсілмен ішке кіріп, алтын алқа мен білезікті алып кеткен.
Алайда көп ұзамай ол ұсталып, сотқа тартылды. Әйелге өзгенің үйіне заңсыз кіріп, бірнеше рет ұрлық жасаған деген айып тағылды. Оның кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
Прокурор соттан оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, айыптаумен келісті.
Жәбірленуші сотта келтірілген материалдық шығын толық өтелгенін және бұрынғы әріптесіне ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауы, өкінуі және оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның қызы 14 жасқа толғанға дейін жаза өтеу мерзімі 3 жылға кейінге шегерілді.
Айта кетейік, Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталды.