Жамбыл облысында атауы жоқ ауыл бар
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысының Байзақ ауданында атауы жоқ ауыл бар. Ауыл статусы жоқ болғандықтан, биыл да бұл жаққа жергілікті бюджеттен еш қаржы қаралмаған.
Есепке алынбаған елді мекенде қазіргі таңда 500-ге жуық тұрғын бар. Бірақ оларға қызмет көрсететін ешқандай әлеуметтік нысан жоқ. Санда бар болғанымен, санатта жоқ тұрғындар шаруасын шешу үшін біраз басшының есігін қаққан. Бірақ, нәтиже жоқ.
«Білуімізше, әкімдікте біз құжат бойынша «Денсаулық саяжайы» деп тіркеліп тұрмыз. Бірақ, статус жоқ болғандықтан, мұнда не балабақша, не мектеп жоқ. Балаларымыз автобуспен Аймантөбе ауылына қатынап оқиды. Балабақшаға да солай тасуға мәжбүрміз. Кейбіреулер Тараз қаласына тасып амалдауға мәжбүр», – дейді ауыл тұрғыны Мадина Құндызбаева.
Тағы бір ауыл тұрғыны Марат Көшкінбаевтың айтуынша, саяжайда екі жылдан бері көше жарығы жоқ. Үш жылдан бері су келмейді. Жергілікті билік тарапынан да еш қолдау жоқ. Көше жолдарын да ауыл тұрғындары өздері жөндейтін көрінеді.
Аталған мәселе бойынша біз Байзақ ауданы әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Мұхтар Манекев:
«1982 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының (бұрынғы Свердлов) аумағында халық депутаттары атқару комитетінің шешімі бойынша Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөліміне жер пайдалану жоспарына сәйкес, шекарада 10 гектар жер бөлініп, оны пайдалану құқығына арналған мемлекеттік актілер жазбасының 38 кітабына тіркелген. Атқару комитетінің шешімімен ҚК №007581 жерді пайдалану құқығына мемлекеттік акт беріліп, 1982 жылғы 17 қарашада әділет органдарында №105 нөмірмен тіркелген.
Осы жер учаскесінің негізінде Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімі 1998 жылы 22 мамырда «Денсаулық» ұжымдық бау-бақша серіктестігін құрған. Талас өзеніне арналған су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеудің бекітілген жобаларына сәйкес, 500 метр мөлшерінде су объектілеріне іргелес су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылған.
Сондай-ақ, ҚР 2003 жылғы 9 шілдедегі №481 Су Кодексінің 125-бабына сәйкес, 500 метр қорғау аймағында орналасуына байланысты елді мекен статусы берілмейді деп көрсетілген», – деді.
Баспасөз хатшысының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде Дихан ауылдық округіне қарасты Денсаулық саяжайында 145 аулада 487 адам қоныстанған. Мектеп жасындағы 102 оқушы көршілес Аймантөбе ауылындағы Берікқара мектебінде білім алады. Саяжайдың орталық көшесіне түнгі жарықтар орнатылған. Бағбандық орын ретінде уақытша пайдалануға берілген жер болуына байланысты елді мекен мәртебесін беру қарастырылмаған.
Саяжай көшелеріне соңғы рет 2015 жылы шағал тас төселіпті. Алайда, 2016 жылы Талас өзені арнасынан тасып, саяжайдың басым бөлігін су басып қалған. Сол уақытта ауыр техникалар жүріп, жол жамылғысын бүлдірген. 2017 жылы демеушілер есебінен шағал тас жамылғысы сүріліп, тегістелген.
«Саяжай болғандықтан әрі су басып қалу қаупіне байланысты мұнда асфальт жамылғысын салу жоспарланбаған. Саяжай тұрғындары күнделікті өмір сүруіне қажетті газ құбырымен және электр желісімен толықтай қамтылған.
Сондай-ақ 2017 жылы саяжай тұрғындарына Аймантөбе ауылында берілетін жер кезегіне тұруға ұсыныс берілген. Осы мақсатта 2020 жылы Аймантөбе ауылында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 43 жер учаскесі әзірленіп, тұрғындарға жеке тұрғын үйлерін соғуға берілген.
Бүгінгі күнге үй құрылысы салынбаған 32 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды», – деді Мұхтар Манекеев.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында Рысқұл Жылқыайдарұлының қабірі қорғауға алынбай тұрғанын жазған болатынбыз.