Жамбыл облысында ауа райына байланысты 700-ге жуық автокөлік жиналып қалды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында полицейлер боранда қалған жүргізушілерді құтқаруға жәрдемдесті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
— Қатты боранға байланысты Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық трассасының 238–160 шақырымдары (жаңа Қордай асуы), сондай-ақ 213–160 шақырымдары (ескі Қордай асуы) барлық көлік түрлері үшін әлі де жабық. Қордай ауданындағы жолдарда шамамен 700-ге жуық автокөлік жиналып қалған. Бұған қоса, ауа райының күрт нашарлауына байланысты Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының 214 шақырымынан бастап (Мерке ауылынан Қордай бағытына) жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды, — делінген хабарламада.
Ал Түркістан облысы бағытындағы жол барлық көлікке ашық. Полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқарып, жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
Патрульдік экипаждар жолдың жабылуы туралы түсіндіріп, көліктерді қауіпсіз аймақтарға бағыттап, колонналарды елді мекендер мен жылыту бекеттеріне дейін ілесіп жеткізіп отыр. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қатты аяз кезінде дизель отыны қатып қалған рейстік автобустың жүргізушісі мен жолаушыларына да көмек көрсетті. Жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, олар үйлеріне аман-есен жеткізілді.
Автобус арнайы техникамен қауіпсіз жерге сүйретіліп шығарылды. Дегенмен боран мен нөлдік көріну жағдайында енгізілген ресми шектеулерге қарамастан, өз өмірін қатерге тігетін жүргізушілер әлі де бар. Мұндай жауапсыз әрекеттер төтенше жағдайға алып келіп, жедел қызметтердің көмегін қажет етеді.
— Ауа райының қолайсыздығына байланысты қозғалысқа енгізілген уақытша шектеулер жөніндегі ақпарат алдын ала SMS-хабарлама, мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы таратылған. Алайда кейбір азаматтар ескертулерді елемей, жолын жалғастыруға тырысқан, — деп жазды Полиция департаментінен.
Сол жағдайлардың бірі — КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты. Ол полиция бекетін айналып өтпек болып, рұқсат етілмеген бағытпен жолсызға түскен. Алайда боран мен көктайғақ салдарынан ауыр техника қарға батып қалды. Полицейлер дереу жетіп, арнайы техника көмегімен көлікті шығарып, жүргізушіге қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін түсіндірді.
Тағы бір оқиға Қордай ауданында тіркелді. Мал бағып жүрген жергілікті шопан боранда бағытынан жаңылып, үйіне орала алмай қалған. Полиция дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырып, шопанды қысқа уақытта тауып, қауіпсіз жерге жеткізді. Оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Әрбір осындай жағдай — жолда берілген ескертулер мен қауіпсіздік талаптарын елемеудің салдары қандай болатынын айқын көрсетеді.
Полиция қызметкерлері тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтарды қозғалысқа енгізілген шектеулер мен жолдардың жабылуы туралы ақпаратты қатаң ескеруге, бекеттерді айналып өтпеуге, рұқсат етілмеген бағыттармен жүруден бас тартуға шақырады. Ең бастысы — өзіңіздің, жолаушылардың және өзгелердің өміріне қауіп төндірмеу.
Еске сала кетейік, ауа райына байланысты Жамбыл және Түркістан облысында көлік қозғалысы шектелгенін жазған едік.