Жамбыл облысында бес баланың анасы жеті жыл бойы алимент төлемеген
ТАРАЗ. KAZINFORM – Оның берешегі 2018 жылдан бастап 1,4 млн теңге болған. Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
— Шу ауданы прокуратурасының бастамасымен полиция бөлімі бес баланың анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамау фактісі бойынша ҚК 139-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған, 2018 жылдан бастап 1,4 млн теңге берешек жинақталған, — делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның алимент төлеуге мүмкіндігі болғандығы, алайда төлеу үшін қажетті шаралар қолданбағаны анықталды.
Сондай-ақ, борышкердің меншігінде үйі және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімі бар екені анықталды.
— 25 ақпанда тараптардың өзара келісімі бойынша аталған үй алимент берешегін өтеу есебіне берілді. Қол жеткізілген медиативтік келісімге сәйкес борышкер алиментті тұрақты түрде төлеуге міндеттенді. 11 наурызда тараптардың татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды, бұл ақталатын негіз болып табылмайды, — делінген прокуратура хабарламасында.
Қабылданған шаралар профилактикалық әсер етті және алимент бойынша берешектің толық өтелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Айта кетелік Қызылордада 250 әйел баласына алимент төлеуден жалтарған.