Жамбыл облысында бейнекамералардың көмегімен 52 қылмыс ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Жедел басқару орталығының операторлары 19,5 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеді. Олардың басым бөлігін жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілер жасаған.

Фото: Жедел басқару орталығы

Өңір көшелері мен жолдарындағы жағдай Жедел басқару орталығында тәулік бойы бақыланады. Бейнекамералар болған оқиғаның мән-жайын қалпына келтіруге ғана емес, құқықбұзушылықты сол сәтте анықтап, оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағын жедел жіберуге мүмкіндік береді.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бейнебақылау жүйесінің көмегімен 52 қылмыс ашылған. Осы кезеңде операторлар 19 460 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеген.

Олардың 19 205-і жол қозғалысы ережесін бұзуға қатысты. Көбіне қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер мен жолаушылар, көлік тізгінінде телефон қолданған азаматтар, сондай-ақ көлігін тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзған жүргізушілер жауапқа тартылған.

Бейнекамералар қоғамдық орындарды да бақылайды. Олардың көмегімен ұсақ бұзақылықтың 156 дерегі және қоғамдық орындарда ішімдік ішкен немесе мас күйінде жүрген 36 жағдайдың жолы кесілген.

Айта кетейік, аймақта пробация талаптарын бұзған екі азамат түзеу мекемесіне жіберілді.