Жамбыл облысында ерте жүктілік мәселесі өршіп тұр

Фото: Фото: unsplash

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыста кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жүктілігі мәселесімен қалай күресетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Статистика бойынша Жамбыл облысы өткен жылы жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік саны бойынша көш бастап тұрған үштікке кірді. Билік бұл тенденциямен күресіп жатыр ма? Облыстың бұл мәселеде көшбасшы атануы немен байланысты?», - деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өз жауабында Е. Қарашөкеев облыста кәмелетке толмаған қыздардың жүктілігі үлесі өте жоғары екенін мойындады.

«Сондықтан бұл мәселеге кешенді түрде қараған жөн. Біріншіден, балалармен де, жасөспірімдермен де дұрыс ағартушылық жұмыс жүргізу. Екіншіден – егер осы мәселе аясында заңнама бұзылса, мұғалімдерді, осы процесті бақылауға міндетті барлық адамдардың жауапкершілігі күшейтіліп, ешкім жазадан бұлтармауы керек. Мұнда біз жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз, барлық қажетті шараларды өткізудеміз. Менің ойымша, бұл мәселені шешудің оң динамикасы қазірдің өзінде көріне бастады. Білім басқармаларында және басқа ведомстволарда жауапты мамандар жұмыс істеп жатыр», - деп жауап берді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі нақты статистика мен цифрларды кейінірек беретінін, дегенмен ерте жүктілік саны өспегенін айтты.

«Әйтсе де фактілер бар, жоғарыда айтылған мәселелер әлі де өзекті. Сондықтан менің ойымша, бізде әлі жұмыс көп», - деді Жамбыл облысының әкімі.

Еске сала кетсек, 22 қараша күні Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 13 жасар оқушыға түсік жасалған еді. Бұл туралы оқушының ата-анасына хабар берілмей, мектеп-интернат әкімшілігі жеке гинекологқа жүгінген.