Жамбыл облысында халықтың 22 пайызы медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған
Жамбыл облысында халықтың 22 пайызы медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірде халықтың 22 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған. Яғни, осыншама адам қолжетімді медициналық көмекке мұқтаж деген сөз. Мәселені шешу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?», - деп сұрады Үкімет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтен.
Өңір әкімінің дерегінше, облыста 1 млн 222 мың адам тұрады. Оның міндетті медициналық сақтандырумен қамтылғаны – 946 мың адам. Бұл – 78 пайыз. Міндетті медициналық сақтандырумен 276 мың немесе халықтың 22 пайызы қамтылмаған.
«Облыстағы халықты медициналық сақтандырумен қамту бойынша іс-шаралар жоспарын бекіттік. Іске асырылып жатыр. Арнайы ведомствоаралық жұмысшы тобы өңірлік деңгейде, қала не аудан, ауылдық округ өкілдерімен құрылып, жұмыс істеп жатыр. Өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту деңгейі 2 пайызға артып, 23 мың адамға өсті. Оң динамика бар. Жұмысты жалғастырудамыз. Сонымен қатар облыста 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Биыл 3,7 млрд теңгеге 20 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 1,4 млрд теңгеге 10 нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 18 нысанды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 5 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде денсаулық сақтау нысандарының тозу көрсеткішін 52 пайыздан 36,7 пайызға дейін төмендету жоспарда бар», - деді Ербол Қарашөкеев.
Оның атап өтуінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылмаған 276 мың тұрғынның 47,4 мыңы жарнаны тұрақсыз төлеуші саналады.