Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлардың жалақысы көтеріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жалақысы көтерілетінін хабарлады.Әкімнің айтуынша, бұл шешім өңірдегі суицидтің алдын алу мәселелері аясында қабылданған.
– Байзақ ауданында бір елді мекенде төрт суицид оқиғасы болды. Біз олардың арасында себеп-салдар байланысы бар-жоғын тексеріп шықтық. Әрқайсысы – жеке-дара жағдай. Қазір біз тек Байзақ ауданында емес, барлық ауданда жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз, – деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінің кулуарында.
Сонымен бірге, өңірде 60 мың адамның қатысуымен анонимді сауалнама жүргізілген. Ұлдар мен қыздарға бөлек сұрақтар әзірленіп, ұлдардан бопсалау немесе қорқыту жағдайлары бар ма деген сұрақтар қойылды.
Сауалнама нәтижесінде Е. Қарашөкеев атап өткендей, қауіп тобы анықталып, ақпарат тиісті органдарға берілген. Бұл топтағы жасөспірімдермен мақсатты профилактикалық жұмыс жүргізілмек.
– Сауалнама қорытындысы бойынша біз кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларға қатысты шешім қабылдадық, біз олардың жалақысын көтереміз, – деді ол.
Сонымен бірге, әкім өңірде балалармен жұмыс істейтін қызметтердің материалдық-техникалық базасы күшейтіліп жатқанын хабарлады.
– Біз кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау басқармасын құрған алғашқы өңірлердің біріміз, – деп атап өтті Е. Қарашөкеев.
Сөз соңында әкім шенеуніктер мен мектеп өкілдерін проблемалық жағдайларды жасырмай, уақытылы хабарлауға шақырды.
Бұған дейін Ербол Қарашөкеев өңірде қанша шетелдік маман жұмыс істеп жүргенін және қандай жағдайда шетелден маман әкелінетінін түсіндірді.
Сондай-ақ, 6 жасар бала өлімінен кейін бас дәрігер жұмысынан босатылды.