Ведомствоның мәліметінше, 19 қазанда Жамбыл ауданының Әулиекөл ауылы маңында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Онда құрғақ шөп пен қамыс өртенген.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері мен техникасы жіберілді. Өртті сөндіруге басқа күштер де, соның ішінде ерікті өрт сөндіру жасағы мен «Азия газ құбыры» мекемесі жұмылдырылды.
Өрт сөндірушілер батпақты жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Құтқарушылардың айтуынша, аумақтың осындай ерекшелігі жалынмен күресті қиындатып отыр. Ресми жауап берілген сәтте өртті сөндіру жұмыстары әлі аяқталмаған.
— Қазір өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлады Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомство әзірше өрт шарпыған аумақтың көлемі мен тұтану себебін нақтылаған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда қамыс алқабы өртенгенін жазған едік.