Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен 84 мың тұрғынды газбен қамтитын жоба аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының елді газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы аясында Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталады. Бұл мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: zhigergas.kz

Жобаны іске асыру жылыту маусымында туындайтын газ тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазір Шу ауданы табиғи газды Шу қаласынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасы арқылы алып отыр. Алайда оның қуаты тұтыну көлемінің артуына есептелмеген.

Жаңа стансаны пайдалануға беру тұрғын үй секторын, орталық қазандықты және кәсіпкерлік нысандарын көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп, өңірдегі инфрақұрылымдық шектеулерді жояды.

– Жалпы жоба Шу және Мойынқұм аудандарының 84 мың тұрғынын тұрақты газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа абоненттерге техникалық шарттар беруді қайта бастауға мүмкіндік береді, – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 29 қондырғы мен жабдықтар жиынтығы орнатылып, блокаралық коммуникацияларды қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қызылорда облысындағы Ақжарма елді мекені тұрғындары табиғи газ тұтына бастады.